Елбасының әрбір Жолдауы халқымыздың өміріндегі, еліміздің экономикасындағы үлкен күрделі құбылыс - Ж.Түймебаев
«Мемлекет басшысы бұл Жолдауында еліміздің әлеуметтік өмірінде болып жатқан жағдайларға орай өз бағасын беріп, алдымызда қандай жұмыстар атқарылады, қандай межелерге, табыстарға жетеміз деген мәселелерді қамтыды. Оның ішінде биылғы Жолдаудың өзіндік ерекшелігі бар. Онда әлемде орын алған экономикалық қаржылық дағдарыс кезінде Қазақстан осы қиындықтардан қалай шықты, қалай жеңді және алдымызда қандай жолдар күтіп тұрғандығын талдап айтып берді», деді министр өз сөзінде.
Жолдаудың басым бағыттары экономиканы дағдарыстан кейін дамуға әзірлеу, үдемелі индустриялық экономиканы орнықтыруға қол жеткізу, қазақстандықтарды сапалы тұрғын үй және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, ұлтаралық келісімді, ұлттық қауіпсіздікті нығайту және халықаралық қатынастарды одан әрі дамыту болғандығын атап өткен ол білім беру саласының негізгі бағыттарына, әсіресе мектепке дейінгі балаларды балабақшалармен қамту мәселесіне кеңінен тоқталды.
«2008 жылы елімізде 200 мыңнан астам бала дүниеге келген болса, 2013 жылы бізде қазіргі еліміздің демографиялық ахуалына орай әзірленген жобаға сәйкес 280 мыңға жетеді. Яғни қазіргі тұрмыстық жағдайға байланысты өсім арту үстінде. Сондықтан да Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында мектепке дейінгі тәрбие жұмысымен, балабақшамен қамтамасыз ету мақсатында «Балапан» бағдарламасын ұсынды. Бұндай бағдарлама ешқашан болған емес. Қазіргі таңдағы бұл бағдарламаның негізгі міндеті 2020 жылға дейін біздің 3 пен 6 жас аралығындағы балаларымызды балабақшамен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізу. Ал қазіргі уақытта бүлдіршіндердің 37,7 пайызы ғана балабақшамен қамтылған. 2015 жылы 70 пайызға, ал 2020 жылы 100 пайызға жеткізу арқылы біз әлемдегі дамыған алдыңғы қатарлы елдердің сапына кіреміз. Бұл керемет үлкен жұмыс. Ал бұл не деген сөз? Балалар бақшасындағы әрбір жұмсалған доллар болашақта 7 доллар болып қайтады. Яғни әрбір кезеңге бөлінген қаржы кейін сол азамат арқылы, оның білімі арқылы мемлекетке қайтарылуы бірнеше есеге артық болады», деді Ж.Түймебаев.