Елбасының балалық шағы туралы жаңа кітап жарық көрді
АЛМАТЫ. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы арқау болған шығармалардан тұратын "Таң нұрында туған ұл" атты кітап жарық көрді. Кітаптың авторы белгілі балалар жазушысы, Алаш сыйлығының лауреаты Шәкен Күмісбайұлы.
Аталмыш кітап "Кітап" баспасынан 5000 данамен басылып шықты. Автордың айтуынша, бұл жинаққа бұрын жарық көріп, Елбасының жеке мұрағатына қабылданған бірнеше әңгімелермен қатар, жаңа шығармалар енген.
Әңгімелер мен хикаяттардан тұратын шығармаларда Елбасының қаршадайынан еңбекті сүйгендігі, қиындықтан қорықпай, биік мақсатқа ұмтылғандығы, көргендердің көзімен бала танымына лайықты баяндалған.
"Менің шығармаларымның арқауы көбіне ұрпақ сабақтастығы, атадан-балаға ауысып келе жатқан салт-дәстүр сабақтастығы, туған ел, туған жер, туған тілге адалдық, аға ұрпақтың алдындағы қарыз бен парыз сынды жас өскінге тәлім-тәрбие беретін тақырыптар. Менің пікірімше, Елбасы - әр балаға мысал бола алатын адам. Бұл кітапты жазудағы мақсатым да осы - үлгі боларлық тұлғаны жаза отырып, балаларды елдікке, патриоттық сезімге тәрбиелеу", деді кітап авторы Шәкен Күмісбайұлы.
Кітап мектеп оқушыларына, тәрбиешілер мен ұстаздарға және қалың оқырман қауымға арналған.