Елбасының биылғы халыққа Жолдауы - айқын мақсат пен нақты жоспарларға бағыттайды - PhD докторанты
АЛМАТЫ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа дәстүрлі Жолдауы айқын мақсат пен нақты жоспарларға бағыттап, үлкен маңызды мәселелерді арқау етуімен ерекшеленіп отыр.
Бұл жайында Макс Планк институтында ғылыми тәжірибеден өтіп жатқан Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті PhD докторанты Гүлнұр Әлімбекова ҚазАқпарат тілшісіне пікір білдіру кезінде айтты.
Докторант биылғы Жолдау барысында әлеуметтік-модернизациялау, білім және ғылым саласы, денсаулық сақтау, мемлекеттік тілдің деңгейін одан әрі дамыту сияқты өзекті сауалдардың назарға алынуы аталмыш салаларға тың серпіліс беретіндігін айтады. "Әсіресе, Елбасы білім және ғылым саласын әлемдік деңгейге жеткізуде PhD докторантура, магистратура сатысына ерекше назар аударып отырғандығы жастарға үлкен қолдау болып табылады. Мен осы орайда Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде PhD докторантура бойынша 2 курста білім алып жатырмын. Бүгінде Германияның Потсдам қаласында Коллоидтар және беттік қосылыстар Макс Планк институтында тәжірибеден өтудемін. Бұл мүмкіндік Елбасының салиқалы саясатының іске асып, қоғамға тигізіп жатқан пайдасы деп білем", - дейді Г.Әлімбекова.
Сонымен қатар ол алдыңғы Жолдаулардағы атқарылған тапсырмалар ақиқатқа айналғандығын ескере отырып, кезекті Жолдау денсаулық, ғылым, білім, экономикалық даму саласында үлкен бастамаларға негіз болатындығы сөзсіз дейді.