Елбасының биылғы халыққа Жолдауында ел дамуының негізгі екі бағыты көрсетілген - Н.Алдабергенов

АЛМАТЫ. 28 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа Жолдауында ел дамуының негізгі екі бағыты көрсетілген.

Елбасының биылғы халыққа Жолдауында ел дамуының негізгі екі бағыты көрсетілген - Н.Алдабергенов

Ол индустриялық-инновациялық бағдарламаның жалғасын табуы және жаңа әлеуметтік саясат. Бұл жайында бүгін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов Алматыдағы ҚазЭУ-дің оқытушы және студенттер қауымымен кездесу барысында айтты.

Ол Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында алға қойылған басты тапсырмалар мен міндеттеріне тоқталып, олардың маңыздылығын кеңінен түсіндіріп өтті.

Н.Алдабергеновтың айтуынша, индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша кәсіпорындардың одан әрі дамып, бәсекеге қабілетті өнім шығаруы үшін оларға инвестиция тарту ісі жалғасын тапса, жаңа әлеуметтік саясат аясында білім, денсаулық сақтау және тілді дамыту сияқты негізгі үш мәселе алға қойылған. «Жолдауда 2020 жылға дейін 12 жылдық мектеп бағдарламасына көшуді аяқтау міндеті алға қойылды. Ол үшін 2015 жылға дейін 400-ге дейін мектеп салу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ еліміздің ЖОО-ның сапасын арттырып, отандық екі университет әлемдік жетекші оқу орындардың қатарына қосылу керектігін айтты», - дейді ол.

Сонымен қатар ол 2013 жылы ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесіне көшу ісі аяқталатындығын және елімізде жұртшылықтың денсаулығын бақылайтын бағдарламалар кешені құрылатындығын жеткізді. "Еліміздің ауыл немесе қалада тұратын әр азаматына көрсетілетін медициналық көмекті жақсартып, медициналық көлікпен және шұғыл қимылдайтын тікұшақтармен қамтамасыз ету міндеттелді", - деп атап өтті Н.Алдабергенов.

Сондай-ақ ол: " Тілдерді дамыту бағдарламасы аясында 2017 жылға қарай еліміздің тұрғындарының 80 пайызы мемлекеттік тілді меңгеру керектігі, ал 2020 жылға қарай олардың көрсеткіші 90 пайыздан кем болмау қажеттігі атап көрсетілген" - деді.