Елбасының биылғы Жолдауының ерекшелігі - әлеуметтік салаға көп көңіл бөлініп отырғандығы - аудан әкімі
Аталған ауданның әкімі Бекқали Торғаев: "Елбасының биылғы халыққа Жолдауының ерекшелігі әлеуметтік салаға көп көңіл бөлініп отырғандығы", - дейді. Оның айтуынша, бұл ауданның халқы басқаларға қарағанда көп болып саналады, сондықтан Елбасының Жолдауында айтылған көптеген мәселелер осы ауданға да тиесілі.
«Елбасының Жолдауында биылғы жылдың 1 мамырына дейін Үкімет пен әр деңгейдегі әкімдерге өздерінің бағдарламаларын бекіту тапсырылған болатын. Оның бірі - тұрғын үйлердің коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешу. Біздің аудан бойынша 1752 тұрғын үй, 17 мыңға жуық жеке үй бар. Міне, бұларда да істен шыққан құбырлар сияқты мәселелер бар. «Жол картасы» бағдарламасы аясында да көптеген жұмыстар атқарылып, жөндеу мен қайта ауыстыру істері атқарылған болатын. Дегенмен, Кеңес өкіметі кезінен бері жөндеу көрмеген коммуналдық шаруашылықтың қайта жөндеуді қажет етіп отырған тұстары әлі де бар. Міне, осы жолғы тапсырмадан кейін сондай мәселелер өз шешімін табады деп ойлаймын», -дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар ол Елбасы ауыз су, жұмыспен қамту сияқты күрделі мәселелерді шешуді алға қойғандығын айтып өтті. «Осының барлығы биылғы Жолдауда әлеуметтік салаға көп көңіл бөлініп отырғандығының белгісі. Сондықтан Президенттің Жолдауына ауданымыздың барлық тұрғыны мән беріп, оның орындалуына өз үлестерін қосады деп білемін», -деп атап өтті өз сөзінде Б.Торғаев.
Жиынға аталған аудан тұрғындары, сот төрағалары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, кәсіпорындар мен шағын кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері, аудандағы қоғамдық ұйымдар өкілдері, пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары, ғылым саласының өкілдері мен аудан ардагерлері қатысып, Жолдауда айтылған маңызды жайттарды талқылап, баяндамалар жасады.