Елбасының биылғы Жолдауының негізі - адам мәселесі - ЕҰУ-нің доценті Б.Әбдуәлиұлы
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Өркениеттердің қалыптасуы мен жер бетінің гүлденуі адамзаттың қолымен жасалды, демек ол адам баласы үшін керек.
Президент Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында негізінен адам мәселесінің көтерілуі осындай бір философиялық толғамға жетелейді. Бұл пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Бекжан Әбдуәлиұлы білдірді.
Әлемнің даму қарқыны жылдан-жылға артып, бүгінгі күн талабы сол көштің басында болуды, тым болмаса ілесіп отыруды міндеттейді. Бұл өткен замандардан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан өмірдің негізгі шарты. Адамзаттың жүріп келген тарихына көз салсақ, жаңа бір империялар мен өркениеттердің пайда болуы, тозуы, күйреуі секілді ұлы өзгерістерді көреміз. Сол өзгерістердің, бүгінгі ұрпақ сабақ алуға тиіс өзіндік тарихи себептері бар. «Осыған орай Елбасы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында да «Адам - елдің басты байлығы» деп Қазақстан халқының біліміне, денсаулығына, «Ардагерлерге қамқорлық», «Тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы саясатқа» арнайы тоқталды. Бұл аталғандар жеке адам үшін қажетті салалар, ал жеке адам бақытты болуы үшін мемлекеттің өркендеуі қажет, бүкіл әлемдік дамудың ұлы көшінде өзіндік орны болуы керек. Басқаша айтқанда жеке адамдардан бастап, мемлекеттік деңгейге дейінгі мәселелер кешенді түрде қамтылған. Жолдауда тереңнен ойластырылып, алдағы даму бағыттарымыздың қандай болатыны туралы айқын бағдарлар көрсетіліп отыр», деді ол.
Түрлі бағыттағы сыртқы байланыстар мен ішкі саяси-әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша жүргізілетін сындарлы саясат жайы, бүгінгі мүмкіндіктеріміз бен ертеңгі көрсеткіштеріміздің деңгейін саралау, дамудың қай сатысына көтеріле алатындығымызға болжам жасау тек көрегенділікті ғана емес, қазіргі әлемдегі жағдайлардың сырларын терең меңгерген сұңғылалықты қажет ететін күрделі талап екендігін атап өткен Б.Әбдуәлиұлы «Елбасы Жолдауы осы талап үдесінен шыға алған, Қазақстан халқының тұрмысы мен болашағының негізгі шарттары кешенді түрде қарастырылған толыққанды, тарихи құжат болып табылады», деді өз сөзінде.