Елбасының болашаққа деген 20 жыл бұрынғы тәуекелі сөзсіз ақталды – Б. Байбек

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат – Елбасының болашаққа деген 20 жыл бұрынғы тәуекелі сөзсіз ақталды. Бүгін Астанада ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Болашақ» халықаралық стипендиясының мерейтойлық форумында «Болашақ» халықаралық стипендиясы қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек осылай мәлім етті.

Елбасының болашаққа деген 20 жыл бұрынғы тәуекелі сөзсіз ақталды – Б. Байбек
«Бүгінгі отырыста жастардың үш буыны отыр. Олардың алдыңғы толқыны қамал алар қырыққа келсе, кейінгі толқыны - орда бұзар отызда. Сондықтан да, үш буынның басын қосқан «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдың мерейтойымен құттықтаймын», - деді жиын барысында Б. Байбек. Бұдан бөлек, осыдан 20 жыл бұрынғы жағдайға тоқталған қауымдастық төрағасы осы ауқымды миссиядағы Елбасының ерен еңбегіне тоқталды. «Жүйесі әлі қалыптасып бекімеген мемлекет ескінің шылауындағы психологияға қарамастан, елдің сабырына, ақсақалдың ақылына, жастың жалынына сүйендіңіз. Үйрете жүріп, үйрендіңіз, үйрене жүріп үйреттіңіз. Сөйтіп, ұлттың ұстазына, алаштың ақылманына айналдыңыз. Шетелдің ең үздік оқу орындарына жастарды жіберу туралы бастама көтердіңіз. Нанға зар болып жатқан 1993 жылы «бұл қалай?» деушілер болды. Сіздің көкейдегі арман жарқын болашақ еді. Ендеше, болашақтың кілті жастар екенін Сіз таныдыңыз», - дей келе Б. Байбек бұл бағдарламаға күмән келтіргендер аз болмағанын да алға тартты. «Тәуекел ақталды. Оған баршамыз куәміз», - деді ол.