Елбасының БҰҰ-дағы өткір ұсыныстары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Рес­пуб­ликасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөздерінде жал­пы әлемдік қоғамдастыққа ортақ мәселелерді көтерді, келелі ұсы­ныстарды ортаға салды.
None
None

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөздерін ұсынамыз.

Қазақстан халықаралық қатынастардағы өзара сенімді қалпына келтіруге, халықаралық құқықтың негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайды. Мен жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленген түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін. ХХІ ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама - 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Оның мәні - әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру. Мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсынамын. Жобасы Астана экономикалық форумы аясында қызу талқыланып келе жатқан Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар идеясы өте өзекті болып көрінеді. Әлемді алаңдатып отырған терроризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де келеңсіз құбылыстар экономикалық дағдарыстың, кедейшіліктің, сауатсыздық пен жұмыссыздықтың салдарлары. ХХІ ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек. Осы орайда, жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлтүстілік әлемдік валюта қажет. Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудан соң 70 жыл өткенде ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырамын. БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынамын. Жаһандық антиядролық қозғалыс құру маңызды міндет болып отыр. Жер бетіндегі әрбір адам ядролық сынақтарға тыйым салу ісіне өз үлесін қоса алады. Санкцияларды БҰҰ-ның Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін әрекет ретінде бағалап, олардың өз бетімен қолданылуын болдырмау қажет. Миллиондаған адамдардың игілігіне әсер ететін халықаралық санкциялар қолдану құқығы Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше құзырында болуға тиіс. 2016 жылы БҰҰ-ның халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыруды ұсынамын. Терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға айналып барады. БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынамын. Болашақты ескеріп, «ЭКСПО-2017» көрмесі инфрақұрылымы негізінде Астанадан БҰҰ-ның қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуды ұсынамын. ХХІ ғасырда Даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті - ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысады. БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын. Қазақстанның бастамаларын Ұлттар қауымдастығы қабылдайды деп зор үміт күтемін.

"Егемен Қазақстан" газеті

Соңғы жаңалықтар