Елбасының дағдарысқа қарсы саясатын түсіндіру үшін сенаторлар өңірлерге аттанатын болады

АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Парламент Сенатының депутаттары ақпанның 9-ынан бастап өңірлерді аралайды.

Елбасының дағдарысқа қарсы саясатын түсіндіру үшін сенаторлар өңірлерге аттанатын болады
Он күндік сапарлары барысында депутаттар дағдарысқа қарсы Елбасының саясатын жұртшылыққа түсіндіретін болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Палата депутаттары халықпен, Мәслихат депутаттарымен, қоғам өкілдерімен кездесулерінде Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан Қазақстан экономикасын тұрақтандыруға бағытталған нақты шаралар туралы жан-жақты түсіндірулері керек. Сондай-ақ, сенаторлар Елбасының жүктеген тапсырмаларының жергілікті жерлерде қаншалықты орындалғанына назар аударып, атқарушы органның тиісті шараларды қалай жүзеге асырып жатқанымен жан-жақты танысатын болады. Сонымен бірге, жұртшылықты Парламент қабылдаған заңдармен таныстырудың да мәнісі зор. Осыған орай, өңірлердегі қызметтеріңізге табыс тілеймін», -деді Сенат Төрағасы Қ. Тоқаев.