Елбасының дәрісін Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінің 1 мыңнан астам студенттері мен оқытушылары тыңдады
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 1 мыңнан астам студенті мен профессорлық-оқытушылық құрамы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде оқыған дәрісін тыңдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасының дәрісі - оны тыңдаған Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы 50 мыңнан астам адам үшін ауқымы кең, маңызы мол болды. Әсіресе, студенттік қауым, көптеген мәселелер жайында, тіпті алғаш жария етіліп жатқан жаңалықтар жайында Президенттің өз аузынан алғашқылардың бірі болып естіді. Менің ойымша, дәрістің жастарға берер тәрбиелік және танымдық маңызы зор», деді университеттің Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Балғабай Майқанов.
Оның пікірінше, жастардың қызығушылығы дәріс соңында, әсіресе, отандық ғылымды дамытуға қатысты қойылған сұрақтардан көрінді. «Ал Мемлекет басшысының «мұндай қызу жұмыс кестесімен зерделік және физикалық қалпын сергек ұстай білуіндегі сыры» жайында қойылған сұраққа берген жауабын, бұдан-былай дәрісті тыңдаған әрбір жас жеке бастарының тәжірибесінде қолданатынына әбден сенімдімін», деді ол.
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да дәрістің тікелей көрсетілімі төрт аудиторияда ұйымдастырылды. Оған 1 мыңнан астам адам қатысты.