Елбасының ел экономикасында, әлеуметтік салада болып жатқан істерді жете білетіні көрініп тұрды - депутат Ө. Бектөреев

sp;АСТАНА. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қарашаның 13-і күнгі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей желіде жұртшылықтың қойған сұрақтарына жауап бергені, көптеген мәселені көтергені Қазақстан халқының көңілінен шығып отыр. Мәжіліс депутаты Өстемір Бектөреев ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, өз пікірін білдірді.

Елбасының ел экономикасында, әлеуметтік салада болып жатқан істерді жете білетіні көрініп тұрды - депутат Ө. Бектөреев

- Мемлекет басшысының халықпен тілдесуінен қандай ой түйдіңіз?

- Қазір Қазақстанда 16 млн тұрғын бар болса, соның барлығына ел Президентінің сөзі түгел жететіндей жүздесу болды деп санаймын. Өйткені осы сұхбатта еліміздің әрбір тұрғынына қатысты мәселе көтерілді. Елбасы Қазақстанның бүгіні мен келешегі жайлы толғақты ойларын ортаға салды. Бұл жерде Елбасының отандық телеарналар арқылы халықпен тілдесуіне халықтың ерекше ықылас білдіргенін келіп түскен сұрақтардың саны мен алуан түрлі мәселелерді қамтығанынан көруге болады. Сұхбат жүріп жатқан кезде 34 мыңнан астам сұрақ түскені айтылды. Бірақ сұрақтар легі толастамады. Кейін сұрақтардың саны 44 мыңдай болғаны жария етілді. Оның барлығы сала-сала бойынша жүйеленді. Елбасы екі сағат 50 минуттың ішінде 50-ден астам сұрақтарға жауап берді. Ал көптеген түйткілді мәселелердің шешімін табу үшін желтоқсанның 10-ына дейін жауап беру міндетін Президент Үкіметке және тиісті салалардың басшысына жүктеп, арнайы тапсырма берді. Бірде-бір сұрақ жауапсыз қалмайтыны осыдан-ақ көрініп тұр.

- Елбасының тікелей желіде халықпен тілдесуінен кейін сізбен пікір бөліскен адамдар аз болмаған шығар?

- Маған әр өңірден телефон шалған азаматтар да көп болды. Хабарласқан азаматтар Елбасы біздің көкейіміздегі ойды айтты, деп өздерінің пікірлерімен бөлісті. Мен де оларға өз көзқарасымды айттым.

Айталық, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде шетелге өнім шығарады және шетелдің тауарларын да алады. Бізге көрші мемлекеттерден бірқатар азық-түлік өнімдері келеді. Осындай сауда айналымының барлығы Кеден арқылы өтетіні анық. Елбасы өз сөзінде Кеден қызметіне қатысты мәселе қозғады. Қозы-Көрпеш Кәрбозов Кеден комитетінің төрағасы болып келгелі импорттық тауарлардың кеденнен өткен кездегі бағасы жазылатын болды. Сөйтіп, оның қанша қымбаттағаны көрініп тұрады. Бірқатар азық-түлік өнімдерінің бірнеше есе қымбаттап кететінін мысалға келтірген Елбасы осы мәселені ретке келтіру жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Қазір Үкімет осы жағдайды қарау үстінде.

Елбасының жанар-жағармайдың тапшылығы мен қымбаттығы туралы айтқаны көкейге қонымды болды. Елімізде мұнай өнімдерін өңдеу зауыттары бола тұра, жанармай тапшы әрі тұқым себу немесе егін ору, мақта жинау секілді ауыл шаруашылығының аса маңызды науқандық жұмыстары кезінде бағасы шарықтап кететінін өзіміз көріп жүрміз. Бізге жанармай жетпей жатқандығы жөнінде диқандар да, мақташылар да жиі хабарласады. Кейбір өңірлерде жеңілдікпен берілуге тиісті жанармайлар берілмей, не кешіктіріліп жататыны жасырын емес.

- Бұдан басқа қандай мәселелердің қамтылғанын айтар едіңіз?

- Халықтың көкейінде тұрған көкейкесті мәселелерді шешу жөнінде Елбасы Үкіметке тапсырма берді. Осындай жағдайды Үкімет мүшелері, облыс әкімдері білмей келген жоқ қой. Енді Елбасы тікелей тапсырма берген соң, оны орындауға әрекет жасап жатыр. Оны ушықтырмай, бұрын да жүйелі түрде іске асыруға болатын еді ғой. Мемлекет басшысы азаматтарды жұмыспен қамтуға да қатысты мәселе қозғады. Жергілікті жерлерде орын алған әділетсіздіктерді болдырмаудың жолдарын айтты. Әкімшілік тарапынан орын алған мемлекеттік қызметшіге лайықты емес іс-әрекеттерді сынға алды. Елбасының ел экономикасында, әлеуметтік саласында болып жатқан істерді жете білетіні көрініп тұрды.

- Еліміз туралы айтқанда, қандай оң өзгерістерді жоғары бағалайсыз?

- Мемлекетіміз жылдан-жылға дамып келе жатыр. Елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайы жақсара түсуде. Әлемдік қаржы дағдарысының ықпалынан биыл жалпы ішкі өнімнің көлемін бір деңгейде сақтап қалуға бар күш салынуда. Ал келер жылдан бастап сарапшылар еліміздің ЖІӨ-і біртіндеп өсу жолына түсетінін болжап отыр. Бұл жақсылықтың бастауы.

Есептеп қарасақ, соңғы жылдары көптеген мектептер мен ауруханалар пайдалануға берілді. Бірнеше елді мекенде үш ауысымда оқып келген оқушылар жаңа заманға лайықты салынған мектептерде оқу мүмкіндігіне ие болды. Әлі де мектеп тапшылығы сезіліп отырған аудандар бар. 2010-2011 және 2012 жылдары бірнеше білім ұясы жаңадан пайдалануға берілген кезде, өзекті мәселе де шешімін табады деп ойлаймын. Соңғы жылдары ауылдарда мәдениет үйлері халыққа қайта есігін ашты. Жойылып кеткен кітапханалар жұмыс істей бастады. Әркімнің қолында кеткен балабақша ғимараттары кері қайтарылып, балдырғандардың мектепке дейінгі тәрбие мен білім алуына жағдай жасалуда. Еліміз бойынша және қалалар мен аудан орталықтарында күре жолдар салынды. Жылу қазандықтары жөнделді. Осының барлығы соңғы жылдары ел болып қол жеткізген іргелі істеріміз деп айтар едім. Халықтың көңілінде келешекке деген үлкен сенім бар, ал ел ішінде жақсылыққа бастаған жаңа леп бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл мектептерінің жағдайы сын көтермейтін еді. Білім ұясының құрал-жабдықтары тозып, ғимараттары жөндеу көрмей тұрғанын байқағанда, жаның ауыратын. Ал қазір ауыл мектебіне интерактивті тақта да жетті. Компьютер арқылы әлемдік ғаламторға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Көптеген құжаттарды электронды түрде жіберуге, тасымалдауға қол жеткізілді. Осының барлығы аз табыс емес. Оқушылардың сана-сезімі де, ойлау қабілеті де өсті.

Өркениет жолын таңдаған әлем елдері жедел қарқынмен даму үстінде. Соның бірі - Қазақстан. Еліміздің келешегі бұдан да жарқын, сәулетті болатынына мен кәміл сенемін.

- Жуырда сайлаушылармен кездесуге барасыздар? Қандай мәселелерді қозғамақ ойыңыз бар?

- Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауында берген тапсырмаларының бүгінгі таңдағы орындалуы, «Нұр Отан» партиясының Халықтық тұжырымдамасындағы бағдарламалардың іске асуы жайлы баяндап беретін боламыз. Ел бірлігі доктринасының жобасы халық талқылауына ұсынылғанын жақсы білесіз. Оның негізгі тараулары жайлы да ой қозғайтын боламыз. Қарашаның 13-і күнгі Елбасының халықпен бетпе-бет жүздесуі жайлы, онда көтерілген мәселелер туралы егжей-тегжейлі айтып, елімізде шешімін тауып жатқан салаларды мысалға келтірмекшімін. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін қандай іс-шаралар көзделіп отырғаны туралы әңгіме өрбиді деп ойлаймын. Парламенттің заң шығару қызметі жайлы, соңғы кездері қабылданған әлеуметтік маңызы бар заңдар туралы жан-жақты түсінік беремін. «Нұр Отан» партиясы бағдарламаларының орындалуын және экономикамыздың дамуына үлес қосатын заңдардың мәнін түсіндіреміз.

Біз өз ойымызды халыққа жеткізсек, өз кезегінде тұрғындардың пікірі мен ұсыныстарын тыңдасақ, пайдалы кездесулер болады деген сенімдемін. Мен Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында қызмет еттім, сол ауданға барып, тұрғындармен кездесулер өткізу жөнінде жоспар құрдым. Мақтаарал ауданында 295 мың тұрғын бар. Бес-алты елді  мекенде жүздесулер өткізбекшімін.