Елбасының идеясы бойынша Алматы маңында жаңадан 4 қала салынады

АСТАНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Алдағы жылдары Алматы қаласының маңында Орталық Азияда теңдесі жоқ «G4 City» деп аталатын 4 серіктес қала салынады.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан және Корей елдері делегаттарының қатысуымен тұрғын үй саласына қатысты өткен семинарда «G4 City»  ЖШС-ның бас директоры Дмитрий Пак айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Д.Пактың атап көрсеткеніндей, Алматы қаласында 4 серіктес қаланы салу идеясы ел Президенті Н.Назарбаевқа тиесілі және ол Орталық Азияда теңдесі жоқ бірегей жоба. Жоспар бойынша жаңа қалалар Алматы-Қапшағай күре жолының бойына салынады.

Оның жүзеге асырылу мерзімі 2030 жылға дейін. Gate Сity  - Алматы қаласынан екі шақырым жерде бой көтеретін бірінші қала. Қала ұлттық және аумақтық деңгейдегі іскерлік және қаржылық орталық болады. Осында сондай-ақ Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй кешендері салынады. Golden City деп аталатын екінші қала мәдени-ойын сауық және білім беру орталығы болады. Қалада халықаралық стандарттар бойынша олимпиадалық стадион,сафари-парк, аттракциондар паркі, теннис корттары мен гольф алаңдары, сондай-ақ студенттік қалашық пен университет салынады. Сонымен қатар оның аумағында медициналық және білім беру кластерлері орналастырылады.

Ал Growing City қаласы - логистика нысандары мен ғылыми-өндірістік кешендері бар ғылым мен жаңа технологиялар қаласына айналмақ. Қалада қонақ үйлер желісі, көрме орталықтары салынады. Демалу, көңіл көтеру және туризм қаласы саналмақ Green Сity қаласында, жасанды су арналары арқылы шипажайлар, ойын-сауық орталықтары, жыл бойы жұмыс істейтін демалу орындары және жарысқа арналған жолдар болады. «Бүгінгі күні қалалар жобалау сатысында. Өткен аптада алғашқы екі қаланың жобасын Үкімет басшысына таныстырдық. Қазір қолымызда бекітілген бас жоспар бар деп айтуға болады. Қаланың құрылысы ең алдымен инженерлік инфрақұрылымнан басталатын болады», - дейді ол. Д. Пак: «жобаны жүзеге асыруға шет елдерден инвестиция көздері табылып отырғанымен, құрылыс жұмыстарының басталу мерзімі әлі де белгісіз», - деді.

Соңғы жаңалықтар