Елбасының исламдық қаржыландыру саласындағы жоғары марапаты халқының алдында сіңірген еңбегінің бағасы - В. Косарев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының исламдық қаржыландыру саласындағы жоғары марапаты халқы үшін сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға.

Елбасының исламдық қаржыландыру саласындағы жоғары марапаты халқының алдында сіңірген еңбегінің бағасы - В. Косарев

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бюджетті талқылау барысында сөз сөйлеген депутат Владислав Косарев осылай мәлім етті.

«Қазақстан жан-жақты дамып келеді. Бізде теміржол көлігі саласы де қардынды дамуда: 1,5 жыл ішінде 1700 шақырым теміржол салу дегеннің өзі үлкен жетістік. Қазір біз Иранға теңізбен де теміржолмен де бара алатын деңгейге қол жеткіздік. Бұл үлкен асу. Ең бастысы, Қазақстан өз жолымен барып жатқан жерлердің барлығында мәселелер тиімді, оңай шешіліп жатыр», - деген депутат бұның барлығының бастауында Елбасы айқындаған саясат жатқанын атап өтті.

«Біз өз даңғылымызды салып, сонымен жүріп жатқанымызға біраз болды. Біздің өз жолымыз бар, ал ол жол Елбасының Жолдауымен айқындалды. 2050 жылғы Қазақстан туралы айтқанда Президент осының бәрі азаматтарымыз үшін жасалатынын ескерткен болатын. Жалпы Президент Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегін біз ғана емес, әлем мойындап жатыр. Кеше Президент «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды, бұл да Мемлекет басшысының халқымыз үшін жасаған еңбегінің бағасы деп білемін», - деді В. Косарев.

Еске сала кетейік, 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Global Islamic Finance Awards» (GIFA) ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталған болатын. Сыйлық ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту мен ілгерілетуде жеткен зор табыстары үшін беріледі.