Елбасының кәсіби білім алуға ерекше мән беріп отырғаны бекер емес - Г.Мінажадинова
ҚЫЗЫЛОРДА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылордадағы И. Әбдікәрімов атындағы аграрлық техникалық колледждің оқытушысы Гүлжахан Мінажадинова Елбасының халыққа арнаған биылғы жылғы Жолдауына байланысты осылай деді.
Ол бұл ойын былай тарқатып айтты:
- Қазіргі таңда елім деген әр азаматқа тағдырдың тартқан сыйы - Тәуелсіздік. Ғасырлар бойы аңсап келген, енді ғана қол жеткізген мемлекеттік Тәуелсіздікті алдағы кезде қалай ұстап тұрамыз? Оны нығайтып болашақ босағасын бекіте түсу үшін әрбір маман иесі ел алдындағы парасатты парызын үлкен жүректілікпен сезінуі абзал. Еліміздің келешегі, мемлекетіміздің берік тұғыры болатын жастарға жарқын болашақ үшін жасампаздықтың үлгісін көрсетер Елбасының көреген саясаты нақты бағдар болуда. Оның бір дәлелі Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауы жиырма жылдық тарихымызды шолумен қатар, алдағы 10 жылдығымызға ұстанар мақсат, нақты міндеттер қойды. «Біз болашақты бірге жасаймыз» деген тақырыппен Қазақстан халқын патриоттық сезімге бөледі. «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз, дей келе кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңғыртпақ ниеттеміз», - деп атап өтті.
Сондай-ақ Елбасы Жолдауында кәсіптік техникалық кадрлар дайындау барысында да алдағы уақытта мемлекет қамқорлығымен тың жобалар жүзеге асырылуы тиіс», - деп көрсетті. Елімізде Қазақстан Республикасының барлық заң актілері қазақстандықтардың өсіп-өркендеуіне кепілдік береді. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы экономикалық орнықты дамуы үшін сапалы білім қолжетімділігін қамтамасыз ету, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттілігі айқындалған. Жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырумен қатар өз мамандығының кәсіби шебері болуға бағыттау бүгінгі күннің еншісінде. Кәсіптік білім беру - бүгінгі күн талабы. «Еліңе қажет кәсіп ет, кәсібіңді нәсіп ет», деген даналық ұғымды естен шығармаған орынды.
2010 жылғы статистикалық дерек бойынша Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беретін 480 колледж болса, соның бірі іргелі білім ордасы - Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжі. Қазіргі таңда 80 жылдан астам тарихы бар білімнің ордасы колледждің күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде 25 мамандық бойынша 3500-ден астам жас білім алып, білікті маман иесі атанады. Кәсіби маман дайындауда оқу тәжірибелерін өткізетін мекемелермен тығыз байланыс жасалуда. Келісім-шарт жасалу арқылы оқушылардың кәсіби шеберлігін шыңдау, олардың мамандықтарына қарай арнаулы мекемелерге жіберіліп, мамандар сараптамасынан өтіп отырады. Әрбір ұстаз бүгінгі күн талабындағы білімге негізделген бәсекелестік арқылы жоғарғы нәтижеге жету үшін жаңа технологияларды қолдана отырып, кәсіптік-техникалық білім беруді жаңғыртуға күш салып келеді. Колледжімізде оқытушылардың кәсіптік білімін арттыруға негізделіп, білім сапасын аттестаттау жұмыстары жүргізіліп отырады. Елімізді жаңғыртудың қозғаушы күші - жастар. Жаңғырту стратегиясы - жастардың іскерлігі, бастамашылығы мен қуатына негізделеді. Елбасы халық алдына өршіл де өміршең міндеттер қойды, қол жетер мақсаттарды белгіледі. Өмірден өз қажеттілігін адаспай табу, кәсібін терең меңгерген маман иесі болу, білімді біліктілікке қол жеткізу - жастар еншісінде.