Елбасының қолдауы арқасында озат студенттер тегін білім алу мүмкіндігіне ие - академик Т.Рысбеков

Л. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үздіксіз қолдауы арқасында озат студенттер тегін білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр. М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Тұяқбай Рысбеков осылай дейді.
None
None

 

      Оның айтуынша, Президент жастарға үнемі сенім артып әрі қолдау көрсетіп келеді. Бір сөйлеген сөзінде Елбасымыз: «Қымбатты жас достар, сіздер тәуелсіз елде ер жеткен біздің ұл-қыздарымызсыздар, үміт артқан ұландарымызсыздар. Сондықтан да келешек мақсаттарың - айқын, жолдарың - даңғыл. Ал еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік болады. Осы себептен де мен сендерді туған елдеріңнің абыройы, ар-намысы, биік мәртебесі жолында жақсы білім алып, адал еңбек етуге шақырамын», деген болатын. Мемлекет басшысының қазіргідей дүниежүзілік дағдарыс кезінде де жастардың талап-тілегін, мұң-мұқтажын ұмытпай, оларды сөзімен де, ісімен де демеп, қанатының астына алуы еліміздің абыройын асқақтатып отыр. Бұған үздік оқитын студенттерге қосымша білім гранттарының бөлінуі айқын дәлел бола алады. Айталық, биылғы наурыз айында мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен 9975 студентке грант берілсе, таяуда еліміздегі 65 ЖОО-да үздік оқитын, соңғы сессияларын тек «беске» тапсырған 1565 жас тағы да осындай мүмкіндікке ие болды. Соның 68-і - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен. Бұлардың 21-і - әлеуметтік ғылымдар және бизнес, яғни экономика, 17-сі - гуманитарлық ғылымдар, 9-ы  - педагогикалық, жетеуі - құқық, алтауы - өнер, сондай-ақ басқа мамандықтар бойынша білім алуда. Енді олардың бәрі де бюджеттік топқа ауысып қана қоймай, 10781 теңгеден  көтеріңкі шәкіртақы алады. Жылына екі рет сессия кезінде қоғамдық көлікте жүріп-тұруы үшін 5092 теңге тағы төленеді.

      

        Қыркүйектің 4-інде осы студенттердің бәріне салтанатты түрде сертификаттары табыс етіліп, олардың бұл қуанышына ата-аналары да ортақтасты. Экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, жастардың оқу ақысын мемлекеттің өзі көтеріп алғаны үшін жиналғандар Елбасына шын жүректен ризашылығын білдірді. Мұндай үрдіс алдағы уақытта да жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Университет ректорының пікірінше, жастар мемлекет қамқорлығына үздік оқумен жауап берсе, ұжым міндеті Елбасы тапсырмаларын абыроймен орындау болмақ. Қазіргі кезде университетте 7 мыңнан астам студент білім алса, олардың 5 мыңға жуығы күндізгі бөлімде оқиды. Сырттай білім алып жүргендердің көпшілігі - екінші мамандықты меңгеріп жүргендер. 75 жылдан астам тарихы бар, республикадағы ең байырғы оқу орындарының бірінен саналатын білім ордасында 661 педагог еңбек етсе, олардың 25-і - ғылым докторлары, 200-ден астамы - ғылым кандидаттары. Университеттің профессорлық-оқытушы құрамы жастарға білім беру барысында заман талабына сай жаңа педагогикалық және инновациялық оқыту технологияларын пайдалану арқылы олардың кәсіби маман болып қалыптасуына ерекше маңыз береді. Оқу орны тарапынан да студенттерге түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

         Қазіргі кезде оқу орнында халықаралық аккредитацияға дайындық жұмыстары жүргізілуде, мұның да қаншалықты маңызды екенін университет ұжымы жақсы түсінеді. Университетте тарихтан ғылыми дәреже алу үшін диссертациялық кеңес жұмыс жасайды. Осы оқу орнында қанаттанған ғалымдардың бірі Әсет Тасмағамбетов докторлығын қорғаса, ғылым кандидаты атанғандар да баршылық. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген ізденушілер тарихтан өз тақырыбын қорғап шыға алады. Сондай-ақ соңғы кезде ғылым докторларын пейдж түрінде де даярлау қолға алынды. Арнайы келісім-шартқа сәйкес үш маманымыз қазір Германияның Майнц қаласында білімдерін жетілдіріп жатыр. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде экология мамандығынан жас ғалым Нұргүл Рамазанова пейдж бойынша даярланып шықпақ.

         

        Тұяқбай Рысбековтің түйіндеуінше, Елбасының «Болашақ» бағдарламасы да еліміздің ертеңін қалыптастыратын жас та білікті мамандарды әзірлеуде өте игілікті іс болды. Университет түлектері бұл бағдарлама мүмкіндіктерін де пайдаланып келеді. Айталық, өткен оқу жылында бес студент шетелде білім алуға жолдама алса, биыл да емтихандарын сәтті тапсырып, жақсы хабар күтіп отырғандар баршылық. Мұның бәрі мемлекет басшысының тек бүгінгі күн мәселелерін шешіп қана қоймай, елдің болашағын да күні бұрын жан-жақты ойластыруымен сабақтасып отыр.

Соңғы жаңалықтар