Елбасының қолынан лейтенанттық погондар алу сарбаз үшін аса үлкен құрмет - әскери-инженерлік институт түлегі А.Бірәлин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешені алаңында Мемлекеттік Туды көтеру және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің әскери жоғары оқу орындарының бітірушілеріне лейтенанттық погондарды табыстау салтанатты рәсімі өтті.

Елбасының қолынан лейтенанттық погондар алу сарбаз үшін аса үлкен құрмет - әскери-инженерлік институт түлегі А.Бірәлин

«ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Құрлық әскерлерінің Әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының түлектері Рәтбек Мұрат, Айдар Назарбеков, Абылай Бірәлин және Мирхатбек Смайылов лейтенанттық иықбелгілер алды. Бүгіннен бастап олар үлкен өмірге қадам басып, офицерлік мансапты бастады және қазақстандық армия офицері жоғары атағын намыспен атқарып, Отанымыздың лайықты қорғаушылары болады», - делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінде.

«Бұл атаулы күн мәңгі есімізде қалады және біз үшін әрі қарай қызмет атқару символы болады. Елбасының қолынан лейтенанттық погондарды алу құрметі берілгені үшін бізге жүктелген міндетті абыроймен атқаруға және Отанды қорғау сенімін ақтау үшін барлық күш-жігерімізді салуға уәде береміз», - деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлегі А.Бірәлин.

Айта кетейік, елорда күні қарсаңында еліміздің әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектерін мадақтау дәстүрі 2009 жылы басталған. Қазіргі уақытта бұл офицерлер армиямызды нығайту ісіне сүбелі үлестерін қоса отырып, Қорғаныс министрлігінің әртүрлі әскери бөлімшелерінде қызмет өткеріп жүр. Рәсімнің жалғасы кезінде ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов 13 үздік түлекке погон табыс етті. Осы жылы мұндай табыс ету рәсімі алғаш рет өткізілді. ҚР Қорғаныс министрінің қолынан погондарды қазақстандық әскери оқу орындары Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, ҚР ҚМ Кадет корпусының түлектерімен қатар, шетел әскери оқу орындарын бітірушілері алды. Еске салайық, биылғы жылы ҚР Қарулы Күштерін шетел әскери оқу орындарының бітіруші әскери қызметшілері толықтырды. Қазақстандық курсанттардың шетелде оқып білім алуы ҚР Қарулы Күштерінің құрылу кезінен жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Соңғы үш жыл ішінде шетелдік әскери оқу орындарын 400 курсант тәмамдады, оның ішінде 2013 жылы - 66, 2014-те - 226, 2015-те 90 адам. Бұл ретте өзге елдің 150 әскери қызметшісі Қазақстанның әскери оқу орындарында білім алуда.