Елбасының мақаласы өңірлік бағдарламаларды қалыптастыруға сеп болды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Елбасының мақаласы жастарды патриоттық рухта елін, жерін сүюге тәрбиелейтін өңірлік бағдарламаларды қалыптастыруға сеп болды.
Бүгін Талдықорғандағы Достық үйінде өткен жиында жетісулықтар осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы бағытта облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл соңына дейін 40-тан аса іс-шара өткізгелі отыр. Қазірдің өзінде желілік кесте жасалды. Ауқымды марафондар мен этно-фестивальдер ұйымдастырылмақ. Бұл жөнінде Достық үйінде өткен этномәдени орталық пен қоғамдық кеңес және аналар кеңесі өкілдерінің басқосуында айтылды. Іс-шаралардың дені ұлттар мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін сақтауға негізделген. Тағы бір басты бағыты - туған өңірдің тарихын таныту, - дейді ұйымдастырушылар. Осы орайда, "Алматы облысының 100 танымал тұлғасы, 100 белсенді жас" секілді бірнеше жоба іске асады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін еліміздің барлық өңірлеріндегі Достық үйлерінде бір мезгілде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын түсіндіру, насихаттау және оны жүзеге асырудың тетіктерін талқылау мақсатында кездесу өтті.