Елбасының мәртебесін нақтылау мақсатында ұсынылған заң жобасында «ҚР сайлау туралы» заңына да өзгерістер енгізу қарастырылған
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасымен мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізі бағыттары бойынша әзірленетін бастамаларды ҚР Тұңғыш Президентімен - Ұлт Көшбасшысымен келісу қажеттігі қарастырылады. Сонымен қатар, Конституциялық заңның ҚР Тұңғыш Президентінің - Ұлт Көшбасшысының қызметтерін қамтамасыз ету бөлігіне де нақтыланатын нормалар енгізу ұсынылады. Осылайша, «ҚР Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы» мәртебесі қазақстандық даму жолының беріктігінің кепілін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді заң жобасына бастамашы депутаттың бірі Әмзебек Жолшыбеков.
Оның айтуынша, осы мақсатта «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «ҚР Президенті туралы» заңдарын «ҚР Тұңғыш Президенті туралы» Конституциялық заңға сәйкес келтіру мақсатында өзгерістер енгізіледі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына енгізілетін өзгеріс негізінен нақтылау сипатында болады, атап айтқанда онда «Тұңғыш Президент» деген сөз «Тұңғыш Президент-Елбасы» деп анықтап жазылады. Дегенмен, біздікі тек ұсыныс», дейді бастамашы депутат Р. Халмұрадов.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін заң жобасы Парламент Мәжілісінің жұмысына алынған болатын. Жобаға маусым айының 25-іне дейін қорытынды шығарылады.