Елбасының «мұхиттан - мұхитқа» дейінгі аралықты қамту ұсынысы ЕҚЫҰ-ның географиялық және мазмұндық құрамын өзгертері анық - Х.Әбжанов

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Елбасы Н.Назарбаевтың Астана Саммитінде ЕҚЫҰ қызметінде бұдан былай «мұхиттан - мұхитқа» дейінгі аралық ұстанымы орнығуы керек деген ұсынысы, Ұйымның географиялық ауқымын ұлғайтып қана қоймай, мазмұнын да күрделі өзгертері анық.

Елбасының «мұхиттан - мұхитқа» дейінгі аралықты қамту ұсынысы ЕҚЫҰ-ның географиялық және мазмұндық құрамын өзгертері анық - Х.Әбжанов

Бұл ойын бүгін елордада «Астана Саммиті және болашақ туралы диалог» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов білдірді.

Профессордың пікірінше, биыл Қазақстан қазақтың қандай халық екенін, қолынан не келетінін, көсілген жеріне сай шалқыған таланты бар екендігін айдай әлемге паш етті. Ал ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен 11 айда жеткен жетістіктері және ол жұмыстарын қорытындылаған Астана Саммиті Президент Н.Назарбаев пен оның командасының, саясаткерлер мен елшілердің, ғалымдары мен өнер саңлақтарының және барша қарапайым қазақстандықтардың еңбегі деп біледі.

«Біріншіден, - дейді Х.Әбжанов, -Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің бар саласын әу баста қабылданған құжаттар мен міндеттемелерге лайық жолға қоя алды. Ұйымға мүше 7 елдегі президенттік, 12 елдегі парламенттік сайлауларға бақылау жасағанды былай қойғанда, көрші Қырғызстандағы саяси дағдарысты еңсеруге, яғни жазықсыз жандардың жапа шекпеуіне қосқан үлесін бүгінде барша әлем ұлықтап отыр. Екіншіден, Қазақстан ЕҚЫҰ тағдыры Еуропадан тысқарыда, мәселен Азияда жүріп жатқан үдерістермен анықталатынына назар аударта алды.

Осынау жаңаша ойлау мен іс-әрекет қисыны Н.Назарбаевтың Астана Саммитінде сөйлеген сөзінде нақты көрініс тауып, Ұйым тарихының үшінші дәуірі басталғанын жария етті. Оның мәнісі мынада. 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісінен 1994 жылғы Будапешт Саммитіне дейін Ұйым «Атлантикадан Оралға дейінгі» аралықта ұстанымымен әрекет етсе, 1995-ші жылдан беріде «Ванкуверден Владивостокқа» дейінгі аралықта ұстанымын басшылыққа алып келді. Елбасымыздың пайымы бойынша Астана Саммитінен бастап «мұхиттан - мұхитқа» дейінгі аралық ұстанымы орнығуы керек. Демек, ЕҚЫҰ қызметінің географиялық ауқымының ұлғаюымен қатар, мазмұнын да күрделі өзгертер дәуір енгелі тұр. Ал бұған бастамашы болған ел - Қазақстан екендігі әрбір қазақстандықты тебірентеді», - деді ол.

Х.Әбжановтың айтуынша, үшіншіден, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның 7-Саммитінде Ұйымға құрылымдық, мазмұндық, идеялық- интеллектуалдық ізденіс пен ілгерілеу қажет екеніне көз жеткізді.