Елбасының отбасы құндылықтары туралы айтқан сөздерін шын жүрегіммен тыңдадым - М. Жұмаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Елбасының отбасы құндылықтары туралы айтқан сөздерін шын жүрегіммен тыңдадым. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан, биіктігі сегіз шақырымнан асатын әлемнің барлық сегіз шыңын бағындырған алғашқы альпинист қазақ Мақсұт Жұмаев мәлімдеді.

Елбасының отбасы құндылықтары туралы айтқан сөздерін шын жүрегіммен тыңдадым - М. Жұмаев

- Мақсұт, «Мерейлі отбасы» байқауы қалай өтті?

- Бұл байқау әрбір адамды өмірдегі басты құндылықтарды бағалауға, патриот болуға шақырады. Өйткені патриотизм - ата-бабаларымыздың ерлік жолдарынан бастау алады емеc пе!? Демек, бізде өз балаларымызға үлгі болуымыз қажет! Президент өз сөзінде осы жөнінде әңгіме өрбітті. Мен оны бар ынтаммен, шын жүрегіммен тыңдадым. Нұрсұлтан Әбішұлы жеңімпазды атағанда біз ешқандай да мұңайғанымыз жоқ. Өйткені біз онсыз да жеңімпазбыз! Алматыдан бірінші біз бардық. Демек, біз жеңімпазбыз! Өйткені біз осы бір керемет байқаудың бастауында тұрмыз. Осындай игі шараларға қатысқан сайын, Отаның, туған жерің құнды бола түседі екен. Одан басқа, осы шараның арқасында Елбасымен жүздестік. Екінің бірі Президентпен кездесе бермейді ғой. Оның үстіне бұл даладағы немесе көше бойындағы кездейсоқ кездесу емес. Мен Нұрсұлтан Әбішұлына денсаулық, ұзақ өмір тілеймін. Барлығы қызық болды. Әсіресе Елбасының көпшілік алдына шығып: «Бала дұрыс өсуі үшін оған күніне 30 рет арқасынан сипап, қолдау көрсетіп отыру керек», - деген сөзін есіме сақтап алдым.

Кейін, Алматыға келген соң бізді оңтүстік астананың әкімі Ахметжан Есімов құттықтады. Біз ол кісіге бүкіл отбасымызбен ризамыз. Өйткені біз Алматы әкімдігінің шешімінің арқасында Алматы атынан осы байқауға қатысу бақытына ие болдық.

- Енді Президенттің сыйлығын қалай пайдаланбақ ойыңыз бар?

- Қазір мен машинаны өзімнің қызметімдегі әріптестеріме «жуып» жатырмын. Көп құттықтаулар айтылды. Бірақ маған біздің бір офицердің айтқан сөзі өте қатты ұнады. Ол: «Сыйлық бұл - бақ, сәттілік, егер оны сатсаң, онымен бірге бағың да, жетістігің де кетеді», - деді. Әйтпесе маған сол күні-ақ келіп: «Көлігіңді сат» - дегендер болды. Бірақ мен: «Сатылмайды», - дедім. Мен о баста-ақ, неге екенін қайдам, оны сатуға болмайтындығын түсіндім. Президенттің сыйлығы бұл жәй сыйлық емес, бұл - күш-қуат, тағдырдың сыйы! Біз машинаны сатпаймыз. Керісінше, әйелім өз машинасын сатайын деп жатыр. Сөйтіп осы машинаны айдайтын болады. Ал бұрынғы машинаны сатқаннан түскен ақшаға үй саламыз. Өйткені, бұл біз үшін маңызды тақырып. Әйелім: «Үй салайықшы» , - деп күнде айтады. «Мерейлі отбасы» байқауында «Туған үй - бастаулардың бастауы» деген ән жолдары есімде қалыпты. Біздің қазір өз үйіміз жоқ. Демек, балаларымызың да туған үйі жоқ іспеттес. Әзірге мемлекет үй жалдап тұруымызға көмектесіп жатыр. Мен анда-санда әйеліме: «Бір мәнісі болар, үшінші балаңды босан», - деп қоямын. Бірақ ол жалға алынған пәтерде босанғысы келмейтіндігін айтады. Сондықтан, Президенттің сыйлаған машинасы бізге жаңа үй салуға мүмкіндік беріп отыр. Ол үй біздің балаларымыздың Қара шаңырағына айналады. Еліне қалаулы азамат болып өсулері үшін олардың «тамыры» мықты олуы керек.