Елбасының сыр-сұхбат кітабы еліміздің дамуының ауқымды кезеңін қамтып отыр - А.Тараков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «Өмір өткелдері» атты сыр-сұхбат кітабы еліміздің дамуының ауқымды кезеңін қамтып отыр. Бұл туралы бүгін аталған туындының тұсаукесері рәсімінде «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ-ның басқарма төрағасы Александр Тараков айтты.

Елбасының сыр-сұхбат кітабы еліміздің дамуының ауқымды кезеңін қамтып отыр - А.Тараков

«Әлемдік тұлға Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кітабында біздің тарихымыздың қомақты кезеңін қамтыған. Онда еліміз үшін шешуші сәттер мен кезеңдер анық берілген. Маңыздылығы бойынша бұнда деректер энциклопедиялық түрде жан-жақты қамтылған. Атап айтқанда, бұл туынды жастар үшін пайдалы», - деді А.Тараков.

Сонымен қатар ол бұл кітапта автор республиканың даму кезеңінде туындаған түрлі белестерді, жағдайларды егжей-тегжейлі баяндағанын атап өтті.

«Менің ойымша, Мемлекет басшысының өмір жолы еліміздің кез келген азаматы үшін қызық. Кітапта Елбасы өзінің өмірі жайында барлығын ашық айтып берген», - деді ол.

Айта кетейік, кітап 16 тараудан, 570 беттен тұрады. Әр тарау Елбасы өмірінің белгілі бір белесті кезеңіне арналған. Онда Президет өзінің шыққан тегінен, балалық шағынан бастап, мектептегі, жастық жылдары, Теміртаудағы құрыш құйған шағы туралы әсерлі әңгімелейді.

Сонымен қатар онда Семей полигонын жабу кезеңіндегі еңсерген қиындықтары, егемендіктің елең-алаңындағы алдан шыққан проблемалар, шекараны шегендеу кезендегі мәселелер сияқты аса күрделі де күрмеулі жайлар сұхбат түрінде жан-жақты қозғалды.