Елбасының тапсырмасына сәйкес БҚО-дағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек уақтылы көрсетілді – Қ.Бисембаев
АЛ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Биылғы су тасқыны Батыс Қазақстан облысына оңай тимегені белгілі. Елбасы тапсырмасына сәйкес батысқазақстандықтарға бүкіл ел шұғыл көмекке келіп, табиғат апатының зардаптарын жоюға жұмылды.
Осы жасалған жұмыстар жөнінде БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қадыр Бисембаев былайша әңгімелеп берді.
-Су тасқыны басталғанға дейін өңірде оған дайындық жұмыстары кешенді жүргізілді, - деді Қадыр Уапұлы. Соған қарамастан, апат айтып келмейді, 8 сәуірде бұрын-соңды болмаған су тасқыны басталды. Оған Деркөл мен Шаған өзені бойында қыс бойы жиналған қардың көптігі, екі күнге созылған жаңбыр, топырақтың қатып қалып, судың сіңбеуі қатты әсер етті. Әсіресе, Шаған өзенінде судың көтерілу биіктігі 1444 сантиметрге жетіп, Орал қаласы және облыстың Ақжайық, Зеленов, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарының біраз аумағын су астында қалдырды. 1542 тұрғын үй, 7146 саяжай баспанасы суға кетті. Облыс орталығы мен аудандарда 9 денсаулық, 15 білім, 5 мәдениет, 8 энергетика нысаны тілсіз жаудың құрсауына ілікті. 100 жол бөлігін су шайып кетті. Барлығы 8905 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Төтенше жағдайдың зардаптарын жою бағытында арнайы штаб құрылып, көптеген жұмыстар жедел атқарылды. Су тасқыны болған жерлерге ҚР ТЖМ жедел тобы, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Қостанай, Ақтөбе облыстарынан әріптестер келіп, құтқару жұмыстарына жергілікті орындармен біріге отырып, білек сыбана кірісті. Қазақстан Үкіметінің 2011 жылғы 16 сәуірдегі қаулысына сәйкес мемлекеттік резервтен 67 тоннадан астам азық-түлік, күнделікті тұтынатын бұйымдар, 75 тонна дизельді отын, 10 мотопомпа, барлығы 39,5 млн. теңгеге жуық қаржының заты су тасқыны болған аудандарға шұғыл жеткізілді.
Сол кезеңде 615 адам құтқарылса, көшірілген 8905 адамның 157-сі бала еді. Оларға тамақ пен медициналық көмек ұйымдастырылды.
Құтқару жұмыстарына ҚР ТЖМ жеке құрамынан 283 қызметкер, 98 техника, 2 тікұшақ, 2 ұшақ, 42 жүзу құралы, жергілікті атқарушы органдар мен қызметтерден 2200 адам, 310 техника жұмылдырылды. Бұл мал шығынын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Барлығы 437 қой, 63 шошқа, 87 ірі қара шетінеді. Өлген мал жерленіп, күнбе-күн малдәрігерлік бақылау орнатылды.
Ең басты атап айтар жайт, Елбасының тапсыруы бойынша оқиға болған сәттен бастап тосын жағдайға душар болған халыққа барлық көмек көрсетілді. Бұл жағдай Мемлекет басшысының ұдайы назарында болды.
Алғашқы күндері-ақ ҚР Үкіметінің 13 сәуірдегі қаулысымен су тасқынының зардаптарын жою үшін 870 млн. теңге бөлінді. Кейін 11 мамырдағы қаулымен резервтен 6 млрд. 680 млн. теңге тағы берілді. Қазақстан облыстары, Астана және Алматы қалалары әкімдіктері 1,5 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетті. Білім және ғылым, денсаулық сақтау, көлік және коммуникациялар министрліктері 3 млрд. астам теңге бөлсе, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниялары 5 млрд. теңге аударды. Еліміздің барлық өңірі тек қаржылай ғана емес, гуманитарлық жәрдемін де аяған жоқ. Орал қаласы, Зеленов, Тасқала аудандарындағы жаңа құрылыс пен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 17 млрд. 55 млн. теңге бөлінді.
Бюджеттік және демеушілік қаржы есебінен 6 млрд. 811 млн. теңгеге Оралда бір 240 және үш 90 пәтерлік үй, Тасқалада 72 пәтерлік 40 үй, Зеленовта 106 пәтерлік 56 үй бой көтерді. Жаңа тұрғын үйлерге инфрақұрылымдық жүйе қоса жүргізілді.
Тұрғын үйлер мен коммуналдық меншік нысандарын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 873,0 млн. теңге қарастырылса, 544,0 млн. теңге зардап шеккендердің жеке есепшотына аударылды.
Облыстық және аудандық маңызы бар жолдар және Орал қаласының ішіндегі жолдар да жөнделу үстінде, бұған 3 млрд. 906 млн. теңге қарастырылды.
Энергетика нысандарын ретке келтіру де назардан тыс қалмай, 870 млн. теңге бағытталды.
Білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет нысандарын жөндеуге және шыбын-шіркеймен күрес шараларына 2 млрд. 715 млн. теңге жұмсалуда.
Өзендер жағалауын бекітуге (дамба салу, арна тазарту және тереңдету) 1 млрд. 592,9 млн. теңге берілді. Құны 245 млн. теңге тұратын судан құтқару стансасының құрылысы да жүргізілуде.
«Бұл жұмыстардың бәрі де кестеге сәйкес жүргізілуде және ұдайы бақылауда», - деп қорытты ойын Қ.Бисембаев.