Елбасының тарихи мақаласы ғасыр сұрақтарына жүйелі жауап береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі сарапшылар тобының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін біз өте маңызды мәселені талқыламақпыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қалың жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленіп, қазақстандықтардың кең қолдауын табуда. Футуролгтар соңғы уақытта ғылым мен білімнің қарыштап дамып, жаңа сапаға көшуін, коммуникациялардың жетілуін, жаһандық сын-қатерлер, оның ішінде трансшекаралық терроризм, азық-түлік қауіпсіздігі, миграциялық толқындар, әлемдегі геосаяси текетірестер, ғаламдық жылыну, өркениеттер арасындағы тайталас, үшінші индустриялық жаңғырудың жаңа сипатта өріс алуын жиі айтуда. Бір жағынан - дамудың жоғары деңгейіндегі елдердегі ірі геоэкономикалық, геосаяси құбылыстар мен монополиялар, екінші жағынан - әлем картасынан өз орнын, жөнін анықтап, лайықты мәртебе алуға ұмтылған дамушы мемлекеттер. Жаһандағы бәсеке, нарыққа қабілеттілік, алға озған технологиялар, ақпараттар тасқыны, жаһандану үрдістері, замана талаптары мен талқысы, міне, осы секілді күнтәртібінде тұрған өзекті, көкейкесті мәселелерге қаншалықты мән берілуде? Ол үшін мемлекет ұлт болып қандай басымдықтар, бастамаларды қолға алуы керек?», - деді ол отырысты аша келе.
Осы ретте Аманшаев Елбасының тарихи мақаласы осындай ғасыр сұрақтарына жүйелі жауап беріп, Мәңгілік ел болуға мұратталған Қазақстанның рухани салада алдағы дамуының негізі бағыттарын тайға таңба басқандай анық, терең айқындап бергенін баса айтты.
«Ендігі біздің мақсатымыз - Ұлт көшбасшысы айқындап берген осы концептуалды ұстанымдарды, кешенді бағдарламаны қоғам болып жұмылып, толық, мазмұнды, креативті түрде жүзеге асыру. Бүгінде ел көлемінде қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Бүкіл мемлекеттік және азаматтық қоғам институттары аталған бағытта жұмылып еңбек етуде», - деді елорда әкімінің орынбасары.