Елбасының тікелей эфир барысында айтқан студенттердің білімді болуы туралы пікірі жастарға ой салуы тиіс-Алматылық студент

Ы. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елбасының тікелей эфир барысында айтқан студенттердің білімді болуы туралы пікірі жастарға ой салуы тиіс.

Елбасының тікелей эфир барысында айтқан студенттердің білімді болуы  туралы пікірі жастарға ой салуы тиіс-Алматылық студент

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Абылай хан атындағы ҚазМХҚӘТ  жанындағы менеджмент және туризм колледжінің 2 курс студенті   Тоғжан  Ұйқасбаева айтты.

Оның сөзіне қарағанда, әлемдік елдердің тәжірибесіне қарап отырсақ, шын мәнінде Қазақстаннан басқа  ешбір мемлекет студенттерді жұмысқа орналастырумен шұғылданып отырған жоқ. «Нарықтық қатынастарда өмір сүріп отырған елде әрбір азамат сапалы білім алу, білімін жетілдіру, табысы жоғары жұмыс табуға өзі ұмтылуы тиіс. Бұл бағытта бізде мемлекет талапты жастардың тегін білім алуы үшін жағдай жасап отыр. Сондықтан әрбір жас мектеп қабырғасынан білімге ұмтылып, мемлекеттік грантты ұтып алуға тырысуы тиіс. Елбасы тікелей эфир барысында мемлекеттің грант негізінде оқыған студенттерді жұмысқа орналастыруды қолдайтынын атап өтті. Бұл жақсы білім меңгерген жастарға үлкен қолдау. Сондықтан әрбір жас мектеп, университет қабырғасында сапалы білім алып, жақсы өмір сүруге ұмтылуы тиіс. Бізде Елбасы айтып өткендей, кеңестік көзқарас әлі ұмытылмай келеді. Ата-ана да, жастар да қалай болса солай білім алып, жұмысқа орналаса алмай жатса, мемлекетті кінәлайды. Жастарға мен жеке тұлғамын, мен өзім жетуім керек деген көзқараспен білімге, сол арқылы жақсы жұмысқа, жақсы өмірге ұмтылуы керек», дейді 2 курс студенті.

Ол сондай-ақ Елбасының ҚР Спорт және туризм министрлігіне жастардың спортпен айналысуына жағдай жасау туралы тапсырмасына қуанатынын білдірді. «Қазір жастардың көпшілігінің спорт залдарында жаттығуға қаржылық мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан Спорт және туризм министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастарға спортпен айналысуына  қамқорлық жасап, қолжетімді баға бойынша спорт залдарын жасақтаса», дейді Т.Ұйқасбаева.