Елбасының түркі әлеміне ортақ ақпараттық кеңістік құру идеясы министрліктің маңызды бағытының бірі - Дәурен Абаев
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында өтіп жатқан «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты халықаралық журналистер форумына Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев құттықтау хат жолдады. Жиын барысында Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі медиафорумға қолдау білдірген министрдің хатын оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Құттықтауда министр Дәурен Абаев «түбі бір түркі жұрты ақпарат майталмандарының басын қосқан алқалы жиынның ашылуымен барша қатысушыларға ризашылығын білдірген. «Тарихы тамырлас елдер арасындағы ынтымақтастық Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі Кеңесінің саммитінде ортақ ақпарат кеңістігін құру және әлемдік деңгейде телеарна ашу идеясын көтергеннен кейін одан әрі жандана түскені белгілі. Елбасының осынау бастамалары бүгінгі күні Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қызметінің маңызды бағыттарының бірі саналады. Осы орайда Халықаралық Түркі академиясы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қасиетті Түркістан топырағында бүгінгідей мазмұнды шараға мұрындық болуы елдік идеяны асқақтатуға қосқан үлкен үлесі деп білемін! Жиынның басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айта отырып, форумның жоғары деңгейде өтуіне тілектестігімді білдіремін», - делінген құттықтау хатта.