Елбасының туындысы көптің қолынан түспейтін кітап болар деген сенімдемін - Мырзатай Жолдасбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков Елбасының жаңадан тұсауы кесілген «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Елбасының туындысы көптің қолынан түспейтін кітап болар деген сенімдемін - Мырзатай Жолдасбеков

«Бұл туындыда Қазақстанның жүріп өткен жолы анық көрсетілген. Біз енді осынау оқиғалардың бел ортасында болған адамдармыз. Бәрі де тайға таңба басқандай көкірегімізде сайрап тұр. Кеңес одағы деген империя құлап, тас-талқан болып жатқан кезде республикалардың әрқайсысы жеке шаңырақ көтеріп, ел болып жатты. Біз де құдайға тәубе деп, 1991 жылы бүкіл халық болып, Елбасымызды сайладық. Сол кезде сайлаудың штабын басқарғаным есімде. 98,8 пайыздық дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланған еді. 16 желтоқсанда Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланды. Содан бері қарай Елбасы мемлекетіміздің қолына тізгінін алып, қирандыдан, быт-шыт болып, тамтығы қалмаған, республика деген аты бар, заты жоқ мемлекеттен Тәуелсіз Қазақстанды орнатты», - дейді профессор.

Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, ел Президенті қазақстандық жолын айқындап, даму кезеңі басталғаннан кейін Қазақстанды әлем танып, мойындаған.

«Мен көптеген оқиғалардың ішінде болған адаммын. Елбасымен бірге отырып, сол кісінің қасында жүріп, Қазақстанда тұңғыш құрылтай өткіздік. 1991 жылы желтоқсанның 10-ы күні Тұңғыш Президентті таққа отырғызу рәсімін өткіздік. Сол рәсімді басқару менің пешенеме жазылған еді», - деп өткенді еске алды Мырзатай Жолдасбеков.

Профессор өз сөзінде сол сәттердің барлығы кітапта жазылғанын айтады.

«Кітап үлкен төрт бөлімнен тұрады. Сол төрт бөлімде Елбасы бастан аяғына дейін маржандай қылып, үш рухани жаңғыруымызды көрсете білді. Біз Тәуелсіздік алғаннан бері жаңғырып келе жатқан елміз. Сондықтан, бұл кітап жас балалардан бастап, еңкейген кәрілерге дейін қолынан түспейтін кітабы болар деген сенімдемін», - дейді профессор.

Еске сала кетсек, 15 желтоқсанда Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының салтанатты тұсаукесері болып өтті. Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады.