Елбасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңды Парламентке қайтаруы ұтымды шешім болды - Н. Сәбилянов
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Елбасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңды» қайта талқылау үшін Парламентке қайтаруы ұтымды шешім болды.
Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сәбилянов айтты.
Қазақстандық қоғамды дамытудың ең күрделі кезеңдерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елінің тағдыры үшін жауаптылықты әрқашан өзіне алғанына және алып жүргеніне әрі бірден-бір дұрыс шешім қабылдайтынына бүкіл ел сан мәрте куә болғандығын атап өткен халық қалаулысы: «Өткен жұма күні Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін дамыту мәселесін шешуге жан-жақты тоқтала отырып, әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы нормаларды енгізу мерзімін өзгертуге байланысты дәйекті дәлелдер келтіргенде оған тағы да көз жеткіздік. Бұл ретте Президент Парламент депутаттарының зейнетақы заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттігі туралы ұстанымын толық қолдайтындығын атап өтті. Сонымен бірге өз Үндеуінде Үкімет пен Ұлттық банктің халыққа жаңа зейнетақы заңнамасын түсіндіру жөніндегі жұмысты дұрыс атқармағандығын қадап айтты»,-деді.
Депутаттың атап өтуінше, Үкімет әрбір қазақстандық отбасына қатысы бар осы заң жобасының мән-мағынасын халыққа жеткізіп және зейнетақы заңнамасына өзгерістер енгізу арқылы барша қазақстандық зейнеткерлердің жақсы тұрмысына берік кепіл болатынын түсіндіруі тиіс еді.
«Әрбір қазақстандықтың тағдыры үшін, болашағы үшін алаңдайтын Мемлекет басшысы осы жағдайда аталған заң жобасын қайта талқылап, дауысқа салу үшін Парламентке қайтаруына тура келді. Бұл өте дұрыс, ұтымды шешім деп ойлаймын»,-деді Н. Сәбилянов.