Елбасының Жолдауы шет елдерде де айтарлықтай резонанс тудырып отыр - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 28 қараша, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
"Елбасының Жолдауы шет елдерде де айтарлықтай резонанс тудырып отыр", деп жазады "Егемен Қазақстан" газетi бүгiнгi санында.
"Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы шет елдерде айтарлықтай резонанс тудырды. Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы күш-жігері мен жетістіктеріне, сондай-ақ әлемдегі ұзаққа созылған саяси және экономикалық тұрақсыздық кезеңінде қабылданған шешімдеріне бірқатар көрнекті саяси қайраткерлер, беделді сарапшылар мен шолушылар, іскер қауым өкілдері жоғары баға берді", - делiнедi мақалада.
Атап айтқанда, Лаос Президенті Т.Сайнясону Мемлекет басшысы жүргізіп отырған экономикалық саясат пен халықаралық аренадағы Қазақстанның жетістіктерін, сондай-ақ «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық бағдарламасын айрықша атап өтті. Өңірдің дамуында Қазақстанның атқарып отырған маңызды рөліне Ауғанстанның атқарушы билігінің басшысы А.Абдулла да тоқталып өткен. Түркияның Энергетика және минералдық ресурстар министрі Т.Йылдыз «Нұрлы Жол» бағдарламасын экономикалық дамудың, мемлекеттілікті және Қазақстандағы ұлт бірлігін нығайтудың жаңа бағыты деп атапты. Парламент депутаты, «Қазақстан - Грекия» парламенттік Достық тобының төрағасы В.Полидорас әлемдегі қиын экономикалық ахуалға қарамастан қазірдің өзінде экономикалық секіріс платформасына дайындыққа кіріскен Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігіне тоқталады. Жаңа Жолдаудың мән-маңызына қатысты өз көзқарасын Италия Сенатының Қаржы және қазынашылық жөніндегі комитетінің төрағасы, биліктегі Демократиялық партияның мүшесі М.Марино да білдірген. Бұл тiзiм осылай жалғаса бередi. Толығырақ, аталған материалдан оқи аласыздар.
*** "Айқын" газетi «Қ азақстан « әлемдік ондыққа кірмек » тақырыбымен Қазақстанның энергетикалық әлеуетiне қатысты қызықты деректердi алға тартуда.
"Қазақ елі бүкіл адамзатты қуаттандырушы он елдің қатарына кіретін болады. Бұл туралы кеше Астанада өткен Энергетикалық хартия бойынша жаһандық жиында Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов жария етті.
Бұл үшін мемлекетіміз энергиялық ресурстар өндірісін арттыра беруге ниетті. Мәселен, Энергетика министрі В.Школьниктің мәліметінше, 2020 жылдан кейін республика жыл сайын 100 миллион тоннадан астам көмірсутек өндіруді жоспарлауда. Яғни қазақ жерінің қойнауынан күн сайын 2 миллион бөшке мұнай шығарыла бастамақ!", - делiнген мақалада.
К. Мәсiмовтiң ойынша, энергетикалық ресурстар өндірісі елімізде таяу жылдары тек өсе беретін болады. Қазақстан сондай-ақ тақтатас газын игеру бойынша жобаларды әзірлеуге кіріспек.
***
Қазақтың түпкі тегі қайдан шыққан? Сыртқы бітім- болмысы, кескін-келбеті сан алуан болып келетін қандастардың бойында кімнің қаны бар? Ұлтымыздың генетикалық шығу төркінін анықтауды ұсынған Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының белсенділері ол үшін Ұлытаудағы жергілікті тұрғындардың генофондын зерттеуді ұсынады, деп хабарлайды "Айқын" басылымы "Ұ лттың генефонды Ұ лытауда ма ?" тақырыбындағы мақаласында.
"Өз кезегінде қоғам жетекшілері Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында Алаштың қасиетті мекеніне айналған Ұлытау аймағы ерекше назарға алынуы керек, - деді кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы басшыларының бірі Сәулет Сәкенов. - Біздің ойымызша, негізі, ұлытаулық тұрғындардың генетикалық материалдарын алып, қазақтың генофондына зерттеу де жасауға болады. "Ұлытау қазақтардың араласып, бiр-бiрiмен бас қосатын орталығы болған. Осынау кең далада тiлдiк ерекшелiктер мен диалектiнiң жоқтығы да осыдан. Қайбір заманда да Ұлытау ұлттың ұясына айналған. Мұнда Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан бастап небір атақты хандардың да жерленуі тегін емес. Қазіргі кезде Назарбаев Университетінде Қазақстандағы жергілікті халықтың генетикалық құрылымын зерттеу қолға алынды. Бiз бұл істі бастаған командамен жүздесiп, Ұлытауға шақырдық. Олар кейiн Ұлытауға соғып, айтылған жерден де генетикалық материал алуға болатынын айтты. Бұл жоба бiздiң көмегiмiзбен жүзеге асуы ықтимал. Мұндағы ойымыз қазақтардың генетикалық құрылымын бiлгiмiз келедi. Содан соң генетикалық байланыстарды да анықтағымыз келiп отыр. Қазақтар Ортаазиялық мәдениетке қалай келгенiн бiлу тұрғысында бұл - өте қызықты жоба. Егер барлығы іске асса, жыл соңында бір нәтиже шығуы мүмкін", - деп жазылған мақалада.
***
Қазақстандық шенеунiктер қызмет көлiгiмен жолда жүру ережелерiн бұзып, айыппұлдарды төлемейдi, деп хабарлайды "Экспресс К" газетi.
Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов мәлiм еткен. «Прокурорлар Алматыда, Астанада, ОҚО мен Қызылорда облысында мемлекеттiк органдар айыппұлдарды төлемеудiң 1 238 фактiсiн анықтады», - деп хабарлады ол. - Мұны қызметтiк көлiктердiң жүргiзушiлерi жасаған. Көлiк мемлекеттiк құрылымдарға тиесiлi болғандықтан, айыппұлдар соларға жолданады. Бiз бұл айыппұлдарды жүргiзушiлердiң есебiнен жауып тастау үшiн қадағалау актiсiн жасадық", - деп жазылған аталған мақалада.
Прокурордың айтуынша, мұндай бассыздықты жою үшiн әрбiр мемлекеттiк құрылымда бұл мәселемен айналысатын жауапты адамды тағайындау қажет.