Елбасының Жолдауы жастарға жаңа мүмкіндіктер береді - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабековтың пайымынша, бүгін жарияланған Жолдауды жүзеге асыру жастарға жаңа мүмкіндіктер береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Елбасының Жолдауы жастарға жаңа мүмкіндіктер береді - сарапшы

«Жолдауда екпін қойылып отырған маңызды бағыттардың бірі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға негізделген. Бұл тиімділікті арттыру үшін жаңа технологияларды қолданудың мүмкіндігі зор. Сонымен қатар осы тұрғыда бизнесті қолдауға ерекше мән беріліп отыр, яғни бизнестің алдындағы кедергілерді барынша жойып, оларға қосымша мүмкіндік жасау ескерілген. Осы орайда біз бизнес процестерін жеңілдетуіміз керек», - деп тоқталды Ж. Сарабеков.

Оның пайымынша, мемлекеттік әкімшілендіру үдерістерін жаңа технологиялар арқылы жеңілдетуіміз қажет. Себебі бизнес климатын жақсартпасақ, онда шағын және орта бизнестің дамуы мүмкін емес.

«Жалпы алғанда, бүгін жарияланған Жолдау осыған дейін мемлекеттік деңгейде қабылданған даму бағдарламаларымен сабақтас. Өнеркәсіптік революцияның мүмкіндіктерін өзіміздің даму мақсатымызға пайдалану  - Жолдаудың басты идеясы ретінде атап көрсетілген. Жаңа технологияларды енгізу тек қана мемлекеттік басқаруда ғана емес, сонымен қатар индустриялды даму, ауыл шаруашылығы, көліктік-логистикалық кешен, білім беру мен денсаулық сақтау салалары ескеріліп отыр», - дейді ол.

Бұдан бөлек, Ж. Сарабеков  Жолдау аясында Үкіметке виза мәселелерін жеңілдету тапсырылғанын еске салып өтті.

«Инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу үшін визалық жеңілдіктер қажет екені анық. Сондықтан инвестиция тарту маңызды екенін ескере отырып, осы бағытқа баса назар аударуымыз керек», - деп тоқталды ол.

Мұнымен қоса, сарапшы әлемдік экономикадағы кейбір кері процестерге қарамастан, Қазақстан өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындап отырғанын атады.

«Осы орайда еліміз әлеуметтік міндеттемелерге кепілдік беріп, әлеуметтік төлемдер көлемін арттыруға қауқарлы. Мәселен, мұғалімдердің еңбекақысын арттыру - саладағы жұмыстарды ынталандырып, сапаға да әсер ететіні сөзсіз. Әрбір адам өзінің жұмысынан жақсы әсер алу керек. Сондықтан бұл тұрғыда ұстаздардың мәртебесін көтеруге айрықша мән беріліп отырғаны анық. Енді жастардың осы салаға тартылуына оң ықпалы тиеді деген пікірдемін», - деп түйіндеді сөзін Жұмабек Сарабеков.

Айта кетейік, бүгін ҚазақстанРеспубликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы жарияланды.