Елбасының Жолдауын тікелей эфирден С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың ұжымы мен студенттері бірге тыңдады
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - 27 қаңтарда тікелей эфирден көрсетілген Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ұжымы мен студенттері бірге тыңдады. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады.
Елбасы өз Жолдауында маңызды 10 бағыт бойынша мақсаттар кешенін іске асыру қажеттігін және ең бастысы, қазақстандықтардың еңбекпен қамтылуы екендігін қадап айтты.
«Жолдауда Қазақстанның ауыл шаруашылығы және білім беру салаларына да ерекше көңіл бөлінген. Атап айтсақ, педагогикалық базалық білім беру стандарттарын, мектеп және ЖОО ұстаздарының біліктілігін жоғарылату талаптарын күшейту керектігі, Қазақстанның білім беру үдерісіне заманауи технологиялар мен әдістерді енгізу қажеттігі айтылды. Елбасы Жолдауда Қазақстан 2015 жылға қарай табысы жоғары елдер қатарына қосылуды көздеп отырғанын айтты. Бұл мақсатқа мығым білік арқылы ғана жете алатынымызды атап өткен Мемлекет басшысы, жаңа мақсаттар - экономиканы нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ экономикалық табыс пен қоғамдық игілікті қамтамасыз ету арасында тиімді балансты табу маңызды екеніне тоқталды. Осының барлығы университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері тарапынан қызу қолдау тапты» - делінген таратылған баспасөз мәлімдемесінде.