Елбасының Жолдауына сәйкес Алатау ауданы әкімінің аппараты алдағы жоспарларын айқындады - М.Балабаева
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Елбасының Жолдауына сәйкес Алатау ауданы әкімінің аппараты алдағы міндеттерін нақтылап, жоспарларын айқындады. Бұл жайында аудан әкімінің орынбасары Маржан Балабаева Президенттің жаңа Жолдауын талқылау барысында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М.Балабаеваның айтуынша, осы жылы Алатау ауданының дамуына 10 миллиард 281 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Оның ішінде, құрылыс саласына - 5 миллиард 400 миллион теңге, жолдарды орташа жөндеуге 265 миллион теңге және ауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін 4 миллиард 613 миллион теңге қарастырылған.
«2010 жылы Алатау ауданындағы білім саласы нысандарын салу бағытында «Дархан» ықшам ауданында 320 орындық балабақша, «Әйгерім» ықшам ауданында 120 орындық, «Трудовик» ықшам ауданында 320 орындық балабақша салу жоспарланса, «Дархан», «Алғабас» ықшам аудандарында 1200 орындық мектеп, «Алғабас» ықшам ауданында 720 орындық кәсіптік- техникалық мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындау жоспарланып отыр», дейді әкімнің орынбасары.
Сондай-ақ ол Елбасы 2020 жылға дейін орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, кәсіптік және техникалық білім беруді кәсіби стандарттарға негіздеуді, ал жоғары білім сапасын жоғары халықаралық талаптарға сәйкестендіруді міндеттеп отырғандығын айтты.
«Жаңа Жолдауға сәйкес, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай, әрбір соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедектеріне 65 мың теңге мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы төленетін болады. Сонымен қатар, соғысқа қатысушылар мен мүгедектерінің жеңілдікпен жүрулері үшін 383 миллион теңге қарастырылған», дейді М.Балабаева.