Елбасының ЖОО-дарын білім орталықтарының әлемдік рейтингісіне енгізу турасындағы тапсырмасы еліміз үшін лайықты және ауыр міндет, бірақ өте өзекті - Жолдауға үнқату

АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елбасының қазақстандық жоғары оқу орындарын білім орталықтарының әлемдік рейтингісіне енгізу турасындағы тапсырмасы жаһандық әлемде көшбасшылыққа ұмтылған еліміз үшін лайықты және ауыр міндет, бірақ өте өзекті.

Елбасының ЖОО-дарын білім орталықтарының әлемдік рейтингісіне енгізу турасындағы тапсырмасы еліміз үшін лайықты және ауыр міндет, бірақ өте өзекті - Жолдауға үнқату

Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Арын Орсариев аталған білім ордасында Мемлекет басшысының Жолдауынан кейінгі өткізілген кеңейтілген отырыста айтты.

«Академия ректоры ретінде маған және бәрімізге де Президенттің қазақстандық жоғары оқу орындарын білім орталықтарының әлемдік рейтингісіне енгізу турасындағы тапсырмасы қатысты. Бұл лайықты және ауыр міндет, дегенмен жаһандық әлемде көшбасшылыққа ұмтылған еліміз үшін өте өзекті. Осыған орай біз ең беделді шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастықты тереңдету бағытында жұмыс істейміз», деді Академия басшысы.

А.Орсариевтің айтуынша, Академия өз түлектеріне екі диплом беру жүйесін енгізуге байланысты жұмыстарды бастап та кеткен. Мәселен, ағымдағы жылы Академияның 20 түлегі осы оқу орнының дипломымен қатар мемлекеттік басқару саласында әлемдік үздік 10 ЖОО қатарына енген Сингапур Мемлекеттік саясат мектебінің дипломын алып шығады. Сонымен қатар ағымдағы жылы Академияның 116 тыңдаушысы шетелдік беделді университеттерден тәлімдемеден өтпек.