Елбасының жүргізіп отырған саясаты демократиялық дамуды меңзейді - А.Әбутәліпов
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елбасының жүргізіп отырған саясаты демократиялық дамуды меңзейді. Ақмолалық жазушы, ақын, еңбек ардагері Айдос Әбутәліпов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қаламгердің айтуынша, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері 25 жыл бойы президенттік басқарудағы мемлекет ретінде өмірін сүріп келе жатыр. Қуанышты шақтар да, бұрмалаң кезеңдер де бастан өтті.
«Қазақстан енді құрылғанда, мемлекет шарықтап дамып, аяғына тұрып нығаюына ең бастысы - мықты билік, тұрақтық қажет болды, соны қамтамасыз ету үшін Елбасымыз халық пен билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі ретінде елдің тағдырына деген жауапкершілікті өз мойнына алып, осындай халық алдындағы қиын қызметті көп жылдар бойы атқарып келе жатыр. Уақыт өте келе, Қазақстан Республикасы жаңа ғана әлемнің картасында пайда болған ешкімге танымал емес мемлекеттен, ең дамыған 50 мемлекеттің қатарына енген, әлемдік қауым санасатын күшке айналды», - дейді А.Әбутәліпов.
Сонымен қатар, ол қазіргі әлем өте күрделі, дидары тез өзгеріп, ауысатын жағдайда және осы өзгерістерден қалмай, одан әрі даму үшін біз де өзгеруге тиіспіз деп отыр.
«Елбасы өзінің кешегі үндеуінде еліміз үшін маңызды әрі тағдыршешті қадам жасады. Биліктің бірқатар функциялары Парламент пен Үкіметке сеніп тапсырылуының маңызы зор. Бұл қай жағынан алсақ та, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететіні сөзсіз», - деп түйіндеді ол.