Ел болашағына қатысты шешімдерде бизнестің үні естілуі керек — Динара Шүкіжанова
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның стратегиялық даму бағытын айқындауда ел экономикасын дамытуға атсалысып жүрген кәсіпкерлердің тәжірибесін ескеру маңызды. Бұл туралы Қазақстанның стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылық топтың мүшесі, «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының президенті Динара Шүкіжанова айтты.
Оның айтуынша, өнеркәсіп саласында ұзақмерзімді жоспарлаудың маңызы зор. Өйткені зауыт салу, жаңа өндіріс ашу, технология енгізу және маман даярлау уақытты, инвестицияны және дұрыс шешім қабылдауды талап етеді.
— Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясы мемлекет, бизнес және қоғамның тығыз диалогы негізінде қалыптасуы тиіс деп есептеймін. Стратегиялық шешім қабылдау кезінде әлемдік үрдістер мен болжамдар ғана емес, ел экономикасын дамытуға күн сайын атсалысып жүрген адамдардың нақты тәжірибесі де ескерілуі маңызды, — деді Динара Шүкіжанова.
Сарапшылық топ мүшесі Қазақстанның осы уақытқа дейін елеулі жетістікке жеткенін және одан әрі дамуына берік негіз бар екенін де атап өтті.
— Бүгінде елімізді 10–20 жылдан кейін қандай күйде көргіміз келетінін және ол үшін қазірден бастап не істеу керектігін түсіну маңызды, — деді ол.
Сондай-ақ Динара Шүкіжанова Мемлекет басшысына көрсеткен сенімі мен осы жұмысқа қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының құрамын бекіткен еді.