Елде 100 теміржол вокзалда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде 100 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жоба жолаушылар инфрақұрылымын кешенді жаңартуға және еліміздің барлық өңірінде азаматтар үшін заманауи, қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

Елде 100 теміржол вокзалда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды
Фото: Көлік министрлігі

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

Нысандардың техникалық жағдайына қарай қолданыстағы ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, кейбір елді-мекендерде жаңа жолаушылар кешендері салынды. Бірқатар нысанда ғимараттардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш құрылымдары күшейтілді, конкорстар салынды, жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары қайта жаңғыртылды.

Қайта жаңғырту аясында барлық нысанда шатыр мен қасбеттер жаңартылып, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау, байланыс жүйелері ауыстырылды. Сондай-ақ нысандарда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, іргелес аумақтар абаттандырылды.

Вокзалдар заманауи жиһаздармен және навигациялық жүйелермен, желдету және ауа баптау жүйелерімен, бейнебақылау, өрт және күзет дабылдарымен, сондай-ақ кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталып жатыр. Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылып жатыр.

Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Вокзалдар пандустармен, лифтілермен және көтергіш құрылғылармен, тактильді навигациямен, қызметкерлерді шақыру түймелерімен, бейімделген санитарлық бөлмелермен және ақпараттық көрсеткіштермен жабдықталуда.

Вокзалдарды реконструкциялау және қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, теміржол инфрақұрылымын жаңартуға және азаматтардың қажеттіліктеріне сай келетін заманауи кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Айта кетелік теміржол вокзалдарының келбеті қалай өзгеретіні туралы жазған едік