Елде 11 жаңа колледж ашылады — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі колледждердің жанында 45 мың орынға арналған 600-ден астам жатақхана бар. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлім етті.
— Қазір Қазақстанда 763 колледж жұмыс істеп тұр. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісін кеңейту мақсатында жалпы сыйымдылығы 16 000 орынды құрайтын 11 жаңа колледж салу жоспарланған. Бұл жастар үшін оқу жағдайларын жақсартып, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби құзыреттерді меңгеру мүмкіндіктерін кеңейтеді, — деді Жайық Шарабасов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде елде колледж студенттеріне арналған, яғни 45 600 орынға есептелген 602 жатақхана бар. 2019 жылдан бері 91 жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Нәтижесінде, жатақхана орындарының тапшылығы алты еседен астам қысқарды.
Бұған дейін жемқорлардан қайтарылыған қаражатқа қанша мектеп салынғанын жазған едік.
Жақында еліміздегі колледждердің үздік 100 студенті анықталды.