Елде 2300-ден аса қазақстандық жазасын еңбекпен өтеп жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2300-ден астам сотталған қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері Қылмыстық-атқару жүйесінің пробация қызметі есебінде тұрған 2300-ден астам адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бүгінде қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған мыңға жуық адам сот тағайындаған сағаттарды қоғам игілігі үшін еңбекпен өтеп жүр.
— Сотталғандар көшелерді, саябақтарды, аулаларды, балалар алаңдарын тазалау, көгалдандыру және аумақтарды абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Мұндай жұмыстар арнайы білім мен біліктілікті талап етпейді. Олар күніне пробация қызметкерлерінің бақылауымен төрт сағаттан артық жұмыс істемейді. Осындай жағдайлардың бірі Павлодар облысында болды. Ер адам жаңа көңілдесіне қызғанған туысымен жанжал барысында оған жеңіл дене жарақаттарын салған. Сот оған 60 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады, — делінген хабарламада.
Жазасын өтеу барысында сотталған азамат барлық белгіленген сағаттарды толық өтеп, тәртіп бұзушылықтарға жол бермеген және пробация қызметінің есебінен шығарылды. Қызметкерлердің айтуынша, ол өз әрекетіне қорытынды жасап, мінез-құлқын қайта қараған.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде қоғамдық жұмыстардың басты мақсаты — адамды еңбек арқылы түзеу және қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті.
Бұған дейін Қызылордада сотталғандар арасында отбасын құрғандар қатары артқанын жазған едік.