Елде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 телеарна ашылады - Мемлекеттік хатшы

АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елімізде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашылады. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің отырысында кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы  істер  министрі Қанат Саудабаев жария етті,

Елде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 телеарна ашылады - Мемлекеттік хатшы

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жұмыстарын іске асыруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде отандық телеарналарда мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлесін арттыруға барынша маңыз берілді. Ең бастысы, Қазақстанда сандық теледидарға  көшу аясында елімізде тек мемлекеттік тілде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашу қарастырылып отыр», деді ол.

Мемлекеттік хатшының атап көрсеткеніндей, олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени, тарихи-патриоттық бағыттағы телеарналар болады деп жоспарлануда. Арналардың біреуін «Мәдениет», екіншісін  оқу-ағартушылық бағыттағы «Зерде», ал үшіншісін бүлдіршіндерге арналған «Балауса» деп атаған жөн деген пікірлер де бар көрінеді.

«Арналардың атауына қатысты айтарым, бұл - түпкілікті шешім емес. Келешекте өздеріңізбен бірге бас қоса отырып, жаңа телеарналардың аттарын жақсылап ойластыру қажет», дейді Қ. Саудабаев.