Елде алтын өндіру көлемі төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM – Үш айда өңдеу өнеркәсібі 8,5 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында 3 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын талқылау кезінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

алтын
Фото: Baku.ws

- Үш айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 8,5 пайызға өсіп, оң динамика байқалды. Өндірістік көрсеткіштер машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі, жеңіл өнеркәсіпте және басқа да салаларда өсті. Металлургияда өндіріс көлемі алтын, мырыш, болат және ферроқорытпа өндірісінің төмендеуіне байланысты 6,3 пайызға азайды. Кәсіпорындарда жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу, кен сапасының төмендеуі, және электр энергиясының қымбаттауы сияқты бірқатар себептерге байланысты теріс динамика қалыптасып отыр, - деді Е. Нағаспаев. 

Саладағы жоспарланған көрсеткіштер қолданыстағы қуаттарды ұлғайту және жаңа өндірістерді іске қосу есебінен қамтамасыз етілетін болады.

- Машина жасау саласы 21,9 пайыз деңгейінде өсім көрсетті. Салада көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және темір жол техникасын, сондай-ақ тұрмыстық техниканы өндіру көлемі артты. Көрсеткіштердің өсуі ішкі сұраныстың артуы мен инвестициялық жобалардың белсенді іске асырылуы есебінен жүзеге асты. Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдар, киім және былғары өнімдер өндірісі артып, саладағы өсім 51,1 пайызды құрады. Құрылыс материалдары өндірісі бетон, құрылыс ерітінділері, әк, отқа төзімді бұйымдар, цемент және бетон конструкциялары көлемінің өсуіне байланысты 37,1 пайызға артты. Химия өнеркәсібінде азот тыңайтқыш және сары фосфор өндірісінің артуына байланысты 2,4 пайызға өсім байқалып отыр, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан шикізаттық емес сектор бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.

 

Соңғы жаңалықтар