Елде әр пәтер мен ғимаратта қанша энергия жұмсалғанын нақты есептейтін жүйе енгізілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан телеметриясы бар энергияны автоматтандырылған тәртіпте есепке алу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Құрылтайда өткен баспасөз мәслихатында депутат Арман Қалықов мәлімдеді.

Елде әр пәтер мен ғимаратта қанша энергия жұмсалғанын нақты есептейтін жүйе енгізілмек
Фото: Kazinform/ЖИ

Оның айтуынша, мұндай жүйені енгізу энергия тұтыну туралы нақты деректерді алуға және энергия өндіруді тиімдірек реттеуге мүмкіндік береді.

— Инфрақұрылымды телеметриясы бар автоматтандырылған есепке алу жүйесімен толық жабдықтау жоспарланған. Бұл бізге нақты бір қаланың, шағын ауданның, ғимараттың немесе тіпті жеке пәтердің қанша энергия тұтынып жатқанын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, біз нақты көрсеткішпен жұмыс істеп, мәселелерді соған сәйкес реттей алатын боламыз, — деді Арман Қалықов.

Ол энергия өндіру көлемі тұтынушылардың нақты қажеттіліктеріне сәйкес келуі тиіс екенін атап өтті.

— Тұтынушылар тек өздері іс жүзінде тұтынған энергия үшін ғана төлеуі керек. Демек, өндірілетін энергия мөлшері тұтынуға қажетті көлемге дәлме-дәл сәйкес келуі тиіс, — деп түсіндірді депутат.

Сонымен қатар ол бюджеттік секторда энергия тұтыну көрсетекіші артқанын атап өтті.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында энергия үнемдеуге қатысты заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.