Елде азаматтардың өтініштеріне жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты – Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM – eOtinish онлайн платформасы мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берді. Бұл туралы елордадағы «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
- Түптеп келгенде, жаңа тұрпатты ел болу жолындағы әрбір реформа, ең алдымен, халықтың қалауымен, жұртшылықтың тікелей қолдауымен жасалады. Әрине, мұның барлығы бір сәтте жүзеге аспайтыны белгілі. Өздеріңізге мәлім, мен 2019 жылы әкімшілік әділеттің жалпы үлгісін қабылдау қажеттігі жөнінде айттым. Бұл азаматтарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әркеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Ал 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген eOtinish онлайн платформасы іске қосылды, яғни, азаматтардың өтініштерін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және жұртшылықтық ой-пікірін ескеруге мол мүмкіндік бергенін атап өтті.
- Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы 5 жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 млн өтініштің келіп түсуі - соның айқын көрінісі, - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, форум барысында Президент мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту алдыңғы қатарлы міндеттің бірі екенін атап өтті.