Елде бір аптада 195 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде соңғы бір аптада ЖРВИ-дің 195 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 2,2 есе аз. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлім етті.
Комитет төрағасының айтуынша, қыркүйектің басынан бері елімізде ЖРВИ-дің 1,5 миллионнан астам жағдайы анықталған. Өткен эпидемиялық маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттану көрсеткіші 23 пайызға төмендеген.
– Өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық көрсеткішінің төмендеуі профилактикалық шараларды елемеуге болады дегенді білдірмейді, – деді С. Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Зертханалық тексерулер барысында риновирустың 345, бокавирустың 195 және аденовирустың 189 жағдайы анықталған.
Комитет төрағасы әртүрлі вирус қоздыратын аурулардың белгілері ұқсас болуы мүмкін екенін айтты. Сондықтан ауруды өз бетінше анықтап, емделуге болмайды. Қажет жағдайда дәрігерге уақтылы жүгінген жөн.
Сархат Бейсенова антибиотиктердің вирустарға әсер етпейтінін ескертті. Вирусқа қарсы және өзге де дәрілерді қабылдау қажеттігін дәрігер анықтайды.
Бұған дейін елімізде эпидемиялық маусым басталғалы ЖРВИ-дің 1,4 миллионнан астам жағдайы тіркелгенін хабарлаған едік.