Елде дақылдардың жаңа сұрыптарын шығару үшін 8 ғылыми бағдарлама іске асып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — 2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, 2028 жылға қарай отандық селекция тұқымдарының үлесін 78,2%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Елде дақылдардың жаңа сұрыптарын шығару үшін 8 ғылыми бағдарлама іске асып жатыр
Фото: Kazinform/ЖИ

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Түрікменстанда өткен ТМД-ның Тұқым шаруашылығы мәселелері жөніндегі үкіметаралық үйлестіру кеңесінің 27-отырысында мәлімдеді.

Отырысқа Түрікменстан, Өзбекстан, Беларусь, Тәжікстан және Ресейдің аграрлық ведомстволарының өкілдері қатысты. Қатысушылар ұлттық және бірлескен селекцияны дамыту, жоғары сапалы тұқым өндірісін арттыру, тұқым материалын мемлекетаралық мамандандыру және жеткізу туралы келісім жобасы, инновациялық технологияларды енгізу, сапаны бақылау жүйелерін үйлестіру және селекциялық жетістіктерге құқықтарды қорғау мәселелерін талқылады.

Назгүл Хатепова ТМД елдері үшін климаттық жағдайлардың өзгеруі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруға байланысты ортақ сын-қатерлер өзекті екенін атап өтті. Осыған байланысты селекция мен тұқым шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие.

Қазақстанда отандық селекция мен тұқым шаруашылығы жүйесі жүйелі түрде дамып келеді. Бұл бағытта халықаралық ұйымдармен және шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл да жолға қойылған. Ұлттық жүйені дамытудың негізгі құралы — селекцияны, сорт сынауды және бастапқы тұқым шаруашылығын жаңғыртуды, заманауи технологияларды енгізуді, ғылыми және материалдық-техникалық базаны жаңартуды, халықаралық ынтымақтастықты дамытуды және жас мамандар даярлауды көздейтін Кешенді жоспар деуге болады.

— Кешенді жоспар аясында ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен будандарын шығаруға бағытталған сегіз ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылуда. Жалпы, 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы дақылдарының 108 жаңа сорты мен буданын жасап, оларды сорт сынауына беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 33-і дәнді дақылдарға қатысты. Осы кезеңге қарай отандық селекция тұқымдарының үлесін 78,2%-ға, ал элиталық тұқымдардың үлесін 14,4%-ға жеткізуді көздеп отырмыз, — деді Назгүл Хатепова.

Мемлекет селекция және мемлекеттік сорт сынауы бойынша ғылыми бағдарламаларды қаржыландырады, сондай-ақ тұқым өндірушілер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шараларын ұсынады. Атап айтқанда, сатып алынатын тұқым құнының 40–70%-ы, оның ішінде отандық және шетелдік өндірістің тұқымдары бойынша шығындар өтеледі. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар, пестицидтер, биологиялық агенттер құнын төмендету және су беру қызметтерін арзандату түрінде қолдау көрсетіледі.

Аттестатталған тұқым өндірушілерге селекциялық-тұқым шаруашылығы техникасы мен тұқымды тазалау және сұрыптау жабдықтарын сатып алуға жұмсалған шығындардың 50%-ы өтеледі.

Сонымен қатар Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп, «Қазақстандық сорттар мен тұқымдар» ұлттық бастамасын іске асыруда. Бастама тұқым материалын өндіру мен оның сапасын бақылауды жетілдіруге, ғылыми базаны нығайтуға және жаңа сорттарды тиімді енгізуге қажетті жағдай жасауға бағытталған.

— Бұл ретте біздің алдымызда жаңа сорттар шығару ғана емес, оларды көбейтуді қамтамасыз ету міндеті де тұр. Осыған байланысты Қазақстан Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одаққа (UPOV) қосылу бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта Қазақстан UPOV органдарының жұмысына бақылаушы ретінде қатысып келеді.

Бұл үдеріс шетелдік селекционерлермен ынтымақтастықты кеңейтуге, отандық селекцияны нығайтуға және заманауи халықаралық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті вице-министр.

Қазақстан ТМД елдерімен ғылыми әзірлемелер мен генетикалық ресурстар алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу, мамандар даярлау және тұқым материалдарының өзара саудасын кеңейту бағыттарында да ынтымақтастық орнатқан.

— Достастық мемлекеттерінің ғылыми әлеуетін біріктіру жинақталған тәжірибені сақтап қана қоймай, болашақ ауыл шаруашылығының талаптарына жауап беретін жаңа бірлескен шешімдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан мұндай өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге ашық және селекция мен тұқым шаруашылығы саласындағы ғылыми, технологиялық және практикалық бастамаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі, — деп атап өтті Назгүл Хатепова.

Айта кетелік селекционерлер болашақ бидайын дайындап жатқаны туралы жазған едік.