Елде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында тексеру жүріп жатыр - Елжан Біртанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенаттағы «Үздік денсаулық сақтау ісі - дені сау ұлт» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрімен қамтамасыз ету проблемалары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірыңғай дистрибьютордың сатып алу тәртібі өзгертілді. Дәрі-дәрмектің сатып алу жүйесін ашық жүргізу мақсатында онлайн-трансляция өткізілді. Бұл дәрілік заттарға бағаны төмендетуге мүмкіндік берді, 18 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдеуге жол ашылды. Бұл қаржы халыққа дәрі-дәрмекті қосымша сатып алуға бағытталған», - деді ведомство басшысы.
Министрдің атап өтуінше, дәрілік заттармен қамту бағытында проблемалар әлі де кездесуде.
«Халықтың дәрімен қамтамасыз етілу жағдайларында жүргізілетін талдау нәтижесінде біз бірқатар жүйелі проблемаларды анықтадық. Біріншіден, медициналық ұйымдардың дәрілік заттардың қажеттілігін дұрыс қалыптастыра алмауымен, екіншіден, өңірлердің ақпараттық жүйелеріндегі қате деректердің енгізілуі, ал үшіншіден, дәрілердің қоғалысын бақылау мен есепке алудың бұзылуы, төртіншіден, тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жеткіліксіз қаржылық шығынымен байланысты», - деп тоқталды министр.
Сонымен қатар Е. Біртанов 2017 жылы тегін дәрілер алған ем қабылдаушыларға іріктеліп қоңырау шалынғанын, сауалнама нәтижесінде олардың 20 пайызға жуығы дәріні алмағаны анықталғанын атап өтті.
«Осы жағдайлардың негізінде министрлік әкімдіктермен бірлесіп, қазіргі кезде елдің барлық өңірлерінде медициналық ұйымдарды жоспардан тыс тексеру жүргізуде. Оның нәтижесі проблемаларды жоюдың қосымша шараларды қолға алуға, ал кейбір жағдайларда тәртіптік жаза қабылдауға негіз болады. Ем қабылдаушылардың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмеу жағдайларының қайталануына жол бермеу мақсатында толыққанды жұмыстар атқарылады», - деді Елжан Біртанов.