Елде дропперлікке қатысты қылмыстық істер саны айтарлықтай өскен
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Қазақстанда дропперлікке байланысты 393 қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасының орынбасары Ерәділ Ахметов мәлім етті.
Бұл өткен жылдың 53 ісімен салыстырғанда шамамен 7 есеге артық.
— Өткен жылы дропперлікке қатысты 53 қылмыстық іс тіркелген болатын. Бұл норма енгенде құқықтық практика әзірленіп, тәжірибе жинақталды. Ал биыл механизм толық жұмыс істей бастады, — деді ол.
Сонымен қатар, ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков үкіметтің бұл мәселеге жылдам әрекет еткенін атап өтті.
— Барлық жұмыс топтары тез әрекет етті. Біз мәселені зерттеп, үлкен деректерді талдадық. Халықты алаңдататын кемшіліктерді қарадық: криминалдық баптардың болмауы немесе қабылданған шаралардың жеңіл болуы сияқты. Қазір дропперлікке қатысты қылмыстық жауапкершілік бар. Бұл болашақта адамдардың мұндай әрекетке бармауына ықпал етеді, — деді Бекболат Молдабеков.
Еске сала кетейік, алаяқтық жолмен алынған қаражатты дроппер арқылы айналымға шығару схемасы әшкереленді.