Елде есту қабілеті бұзылған балалар қандай қиындыққа тап болды
АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова есту қабілеті бұзылған балаларды қолдау жүйесін жетілдіру жөнінде депутаттық сауал жолдады.
- Бүгінде инклюзивті білім беру жүйесіне мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіліп жатыр. Дегенмен де, өңірлерден жинақталған мәліметтер бірқатар мәселенің өзектілігін көрсетті. Бұл – еліміздегі есту және сөйлеу қабілетінен айырылған мыңдаған баланың «үнсіз» әлемі. Олардың да айтары бар. Бірінші мәселе – кохлеарлық имплантациядан кейінгі оңалту. Елімізде есту қабілеті бұзылған 5 мың баланың 1200-ден астамына кохлеарлық имплантация жасалған. Үкімет бала сауығып кетсін деп бір отаға бюджеттен 15 млн теңге шамасында жұмсайды. Бірақ ол нәтижелі болу үшін ұзақ мерзімді оңалту қажет. Әлеуметтік қызметтер аясында балалар аптасына небәрі 15 минут дефектолог пен 35 минут логопедтің көмегін алады. Бұл өз кезегінде жеткіліксіз. Мысалы, Қызылорда облысында импланты бар 185 балаға жылына тек 30 оңалту орны ғана қарастырылса, Қарағанды облысында бұл қызметті ұйымдастыру тек 2027 жылға жоспарланған, - деді Екатерина Смолякова Құрылтайдың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, ым-ишара тілін оқыту және психологиялық қолдау жүйеленбеген.
- Тағы бір мәселе – қазақ тіліндегі дактиль және қазақ ым-ишара тілі әліпбиін әзірлеп, бекіту. Сондай-ақ, нашар еститін балаларға арналған оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар әзірлеп, оқытудың бірыңғай әдістемелік талаптарын қалыптастыру қажет. Сонымен қатар елімізде 4 мыңға жуық арнайы педагог жетіспейді. Соңғы бес жылда небәрі 295 сурдопедагог даярланған, қазір «Сурдопедагогика» мамандығында 200-ге жуық студент оқып жатыр. Еңбекақы, кәсіби қолдау және жастарды мамандыққа тарту мәселелері шешілмесе, кадр тапшылығының шешілмесі анық, - деді депутат.
Осы орайда ол кохлеарлық имплантациядан кейінгі үздіксіз оңалту жүйесін қалыптастыруды сұрады. .
- Барлық өңірде ата-аналарға ым тілін үйрету және психологиялық қолдау көрсету жүйесін енгізу маңызды. Қазақ тіліндегі дактиль және қазақ ым тілінің әліпбиін әзірлеу, оны ресми бекіту қажет. Мұнымен қоса, арнайы педагогтер тапшылығын қысқартудың нақты жоспарын қабылдау керек, - деді Е. Смолякова.
Айта кетейік, Қазақстанда ым-ишара тілі алғаш рет толық цифрландырылғаны мәлім болды.