Елде еуропалық иммундау апталығы өткізілмек
АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап 27 сәуірге дейін Қазақстанда «Алдын алу - Қорғау - Егу» ұранымен еуропалық иммундау апталығы өткізіледі.
Акция Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бастамасы бойынша ұйымдастырылуда, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Жыл сайын ұйымдастырылатын акцияның мақсаты - иммундаудың маңызы және егулермен толық қамту туралы халықты ақпараттандыру деңгейін арттыру үшін оларды үгіттеу және үндеу болып табылады.
Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесіне сәйкес Қазақстанда 2 жасқа дейінгі балаларға 11 инфекциялық ауруға қарсы вакцинациялау жүргізіледі. Бала барлық егулерді алуы қажет, себебі олардың әрқайсысы әртүрлі инфекциялардан қорғайды.
Халықты инфекциялық аурулардан қорғау мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес Қазақстан аумағындағы барлық жеке тұлғалардың егілу міндеттілігі көзделген. Халыққа иммундау өткізбеу инфекцияға сезімтал адамдар санының көбеюіне соқтырады, соның салдарынан аурулар белең алады.
Қазақстанда 21 инфекциялық ауруға қарсы вакцинация жүргізіледі. Балаларды вакцинациялау үшін сапасына кепілдік берілген вакцина сатып алынады. Олардың өндірісін ДДҰ сертификаттаған. Вакциналарды шығаруға қатал талаптар қойылады, вакцина зиянсыздығына, қауіпсіздігіне, тиімділігіне қатысты зертханалық, клиникалық бақылаудан өтеді.
Иммундау апталығы аясында барлық өңірлерде белгіленген мерзімдерде инфекциялық ауруларға қарсы егілмеген балаларды анықтау және оларды вакцинациялау бойынша жұмыс жүргізіледі.
2012 жылы Қазақстан аумағындағы Еуропалық иммундау апталығының негізгі бағыттары: халықтың иммундық профилактикаға сенімін қалыптастыру, оларға иммундық профилактиканың қауіпсіздігі туралы ақпарат беру, инфекциялық ауруларға қарсы қорғаудың қажеттілігі туралы және қоғам үшін иммундаумен жеткіліксіз қамтудың салдарлары туралы халықты, қоғамды және медицина қызметкерлерін ақпараттандыру, жергілікті атқарушы органдарының назарын иммундық профилактика мәселелеріне аудару болып табылады.
Акцияны өткізу барысында жергілікті жерлерде иммундаудың қауіпсіздігі және маңыздылығы туралы үгіттеу бойынша баспасөз мәслихаттары, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады, тұрғындармен, балалардың мектепке дейінгі ұйымдарында, мектептерде ата-аналармен кездесулер өткізіледі.
Ересек адамдармен қатар балалар да инфекцияның пайда болу қаупін, ауру ағымының ауырлығын және қауіпті асқынулардың дамуын төмендететін қажетті егулерді уақытылы алуы қажет.