Елде футбол матчтарына ең көп көрермен жинайтын қалалар аталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) елдің қай қалаларында жергілікті командалардың матчтарына ең көп көрермен жиналатыны туралы деректерді жариялады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
ҚФФ мәліметінше, биылғы Қазақстан Премьер-лигасында өз алаңындағы матчтарға орташа есеппен ең көп көрермен жинаған команда — «Ақтөбе». Ақтөбе қаласында клубтың ойындарын орта есеппен 10 291 жанкүйер тамашалаған. 2026 жылы команданың өз алаңындағы матчтарына барлығы 113 200 көрермен келген. Ал жергілікті стадионның сыйымдылығы — 12 621 адам.
Орташа көрермен саны бойынша екінші орында «Қайсар» тұр. 2026 жылы Қызылордада 11 мың көрерменге арналған жаңа стадион ашылған. Команданың матчтарын орта есеппен 8 672 жанкүйер тамашалаған. Осы маусымда «Қайсардың» өз алаңындағы ойындарына барлығы 112 736 көрермен келген.
Үздік үштікті «Астана» түйіндеді. Сыйымдылығы 30 мың адамға арналған «Астана Аренаға» команданы қолдауға орта есеппен 8 593 көрермен келген. Клубтың матчтарына жалпы 94 520 жанкүйер жиналған.
Жалпы көрермен саны бойынша «Ақтөбе», «Қайсар» және «Астанадан» кейін Семейдің «Елімайы» — 72 080 көрермен және елорданың «Жеңісі» — 68 900 көрермен көрсеткішімен орналасқан.
Бір қызығы, елдің қазіргі чемпионы — алматылық «Қайраттың» ҚПЛ-дегі матчтарына орта есеппен 6 567 көрермен келген. 2026 жылы клубтың Премьер-лигадағы ойындарын барлығы 59 106 жанкүйер тамашалаған. Бұл ретте Алматыдағы Орталық стадион 23 804 көрерменге арналған.
Ал «Қайраттың» еуропалық клубтық турнирлердегі іріктеу кезеңіндегі матчтары көрерменге толы болған. Команданың өз алаңындағы екі ойынына жалпы 47 608 жанкүйер келген, яғни әр матчты орта есеппен 23 804 адам тамашалап, стадион толықтай лық толған.
«Астананың» еурокубок іріктеуіндегі өз алаңындағы бір ойынына 15 270 көрермен жиналған. Ал «Елімайдың» Семейдегі еурокубок матчы аншлагпен өтіп, оны 8 445 жанкүйер тамашалаған. «Тобылдың» еурокубоктағы матчына 5 837 көрермен келген. Қостанайдағы стадионның сыйымдылығы — 8 285 орын.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының тағы екі футболшысы матчтарға қатыса алмайтынын жазған болатынбыз.