Елде халықтың коммуналдық қызметтер бойынша берешегі 19 млрд теңге болды
АСТАНА. KAZINFORM – Коммуналдық қызметтер бойынша дебиторлық берешектің жоғары сомасы Алматы қаласында қалыптасқан. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.
- Министрлік тарапынан автономды қазандықтардың дайындығына мониторинг жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, бүгінде 14 618 автономды қазандық дайындалды, бұл 98%. 6 өңірде нысандардың дайындығы 100%-ға жетті. Төмен көрсеткіш Алматы мен Шымкент қалаларында. Автономды қазандықтарға арналған көмір дайындығы 69%-ды құрады, мазут қоры 88 пайыз, ал дизель отыны 93 пайыз деңгейінде дайындалды, - деді Е.Нағаспаев.
Сонымен қатар ол тұтынушылардың берешегі бар екенін атап өтті.
- Бүгінде заңды және жеке тұлғалардың коммуналдық қызметтер бойынша дебиторлық берешегі шамамен 19 миллиард теңге болды. Ең жоғары берешек Алматы қаласында қалыптасқан. Дебиторлық берешектің жоғары болуы табиғи монополиялар субъектілеріне бекітілген инвестиция бағдарламасын толық іске асыруға мүмкіндік бермейді, - деді министр.
Айта кетейік, орталық, солтүстік, шығыс өңірлер мен Астанада он бесінші қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз ету қажет.
Бұған дейін хабарланғандай, жаңа жылу беру маусымына дайындық жұмыстары басталғаннан бері (2026 жылдың 1 мамырынан 17 тамызға дейін) республика бойынша теміржол көлігімен 19 млн тонна көмір тасымалданды.