Елде инвесторлар спорт нысандарын салуға мүдделі болатындай жағдай жасау керек - Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - Қолданыстағы спорт нысандары халықтың қажеттілігін толық қамти алмай отыр,  дейді Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің жауапты хатшысы Әлішер Пірметов.

  Елде инвесторлар спорт нысандарын салуға мүдделі болатындай жағдай жасау керек - Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі

Бұл туралы ол бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында айтты.

Жауапты хатшының сөзіне қарағанда, бүгіндері еліміздегі ірі спорт нысандары негізінен қалалық жерлер мен облыс орталықтарында орналасқан. Сондықтан спортпен шұғылдануға неғұрлым қолайлы аймақтар да осы қалалар мен облыс орталықтары болып отыр.

«Осы себепті қазір біз қалыптасқан жағдайд реттеу үшін бірқатар шараларды жүзеге асыру қажет деп отырмыз. Біріншіден, елдегі спорт залдарының басым көпшілігі білім беру мекемелерінде. Сондықтан бұл нысандарды сабақтан тыс уақытта бұқаралық спорт шараларын ұйымдастыру үшін пайдалануымыз керек. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне қосымша ақы төлей отырып, спорт секцияларының жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұған қоса балалар спорты да баса назар аударуды қажет етіп отыр. Тағы бір айта кетерлік мәселе - әлеуетті инвесторларды спорт нысандарын салуға мүдделі болатындай жағдай жасау керек», - деді жауапты хатшы.